$513 €541.16 ₽4.69
×

Батыс қазақстандық кәсіпкер Виталий Каркуланы өлтірген қарақшыларға жаза кесілді

AstanaTV
25.06.2014ж. 20:00
1385
Батыс қазақстандық кәсіпкер Виталий Каркуланы өлтірген қарақшыларға жаза кесілді

Батыс қазақстандық кәсіпкер Виталий Каркуланы өлтірген қарақшыларға жаза кесілді. Сотталушылардың бірі өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Сыбайластары да ауыр жаза арқалады.

Айта кетелік, аймаққа танымал бизнесменді өлтірді деген күдікпен ұсталған үш жігіт Қылмыстық кодекстің 7 бірдей бабы бойынша айыпталған еді. Сотта күдіктілер өздерінің кәсіпкерді тек тонамақ ойы болғанын айтып ақталды. Айта кетелік, қарақшылық шабуыл жасағандардың біреуі марқұмның қол астында жұмыс істеген қызметкер болып шықты. Оралдан тілшіміз Еркін Карин хабарлайды.

Қарақшылардың қолынан қаза тапқан Виталий Каркуланың ұлы, әкесін өлтіргендерді өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын беруін сұрады. Кәсіпкердің зайыбы Валентина Каркула да қылмыскерлерге осындай жазаға лайық екендігін айтты.

Ал мемлекеттік айыптаушы Руслан Аминов соттан қарақшылардың басшысы Азамат Тоғаевты өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұрады. Өздеріне соңғы сөз берілген кезде сотталушылар қандай талап-тілегі барын да ашып айта алмады. Тек Мерген Иманқұлов қана өзінің екі баласы мен әйелінің барын айтып, соттан аяушылық танытуын өтінді. Дегенмен, олар кәсіпкерді қайсысының атып өлтіргенін естеріне түсіре алмай, шатысыпты.

Ақгүл Қарасаева, БҚО мамандандырылған ауданаралық қылмыстық соты төрайымы:

Әрқайсысы әртүрлі жауап беріп жатыр ғой. Олардың енді құқықтары заң бойынша, жалпы енді сол үшеуі бірігіп барғаны, сол үйде болғаны, қолдарында қару алғанын жоққа шығармайды. Арасында келісім болғанын да жоққа шығармайды. Дегенмен де, тергеуде берген жауаптары бар, сот мәжілісінде берген жауаптары бар. Бір-бірін зерттеген кезде айыптары дәлелденді.

Еркін Карин, тілші:

Еске салайық, осы қылмыстық топ, 13 қаңтар күні батыс қазақстандық кәсіпкер Виталий Каркуланы өз үйінде атып өлтіріп, әйелі Валентина Каркуланы ұрып-соғып, ауыр жаралаған. Полиция дерегінше, қарақшылар құны 3 миллион 380 мың теңге тұратын әшекей бұйымдар мен 1 миллион теңгені олжалаған. Бірақ олар алысқа ұзамады, полиция бірер аптаның ішінде күдіктілерді қолға түсірді.

Руслан Аминов, мемлекеттік айыптаушы:

Олар қылмысқа тыңғылықты дайындалып, шолақ мылтықпен қаруланған, өздерін танытпас үшін беттерін тұмшалауды да ұмытпаған. Тергеу барысында Каркуланы Тоғаев пен Иманқұловтың атып өлтіргені анықталды. Ал олардың сыбайласы бөгде адамдардың байқап қалмауы үшін сыртта тұрған. Сотта тараптардың құқы сақталды, барлық айғақ заттар ескеріліп, тексерілді.

Сот үкімі бойынша қылмыстық топтың ұйымдастырушысы деп танылған Азамат Тоғаев өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Ол өз жазасын ерекше режимдегі колонияда өтейтін болады. Тоғаевтың екі серіктесі де 22 жылдан жаза арқалады. Егер сот үкімімен келіспеген жағдайда, олардың алдағы екі апта ішінде қайта шағымдануға құқы бар.

Еркін КАРИН