$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов елдің атауына қатысты ашық пікір білдірмеген

AstanaTV
25.06.2014ж. 20:00
1747
Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов елдің атауына қатысты ашық пікір білдірмеген

Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов елдің атауына қатысты ашық пікір білдірмеген. Ол отандық журналистер жайында да ләм-мим демепті. Министр, керісінше, француз басылымы сөзді бұрмалады деп ақталды. Тіпті камера алдында шет елдік журналистке айтқан сөзін сол күйінде қайталап берді. 

Еске салайық, жуырда француздың "La Vanguardia" басылымында Ыдырысовтың сұхбаты жарыққа шықты. Онда министрдің "Қазақ елі" атауына орай пікірі жарияланған. Басылым Ерлан Ыдырысовтың "Қазақстан "стан" жалғауынан бас тартпайды, Орталық Азияның басқа елдерінен ерекшелену үшін жалғауды алып тастау туралы шу шығарған бұқаралық ақпарат құралдары" деген сөздерін келтірген. Ал депутаттар тарапынан Сыртқы істер министріне сауалдар болмады.

Бүгін ол Мәжіліс депутаттарынан Ауғаныстандағы жағдайды тұрақтандыру үшін, Ұлыбритания мен Солтүстік Ирландияның әскери жүгін Қазақстан аумағы арқылы өткізу туралы келісімді ратификациялауды сұрады. Ағылшын әскерилері Ақтау порты арқылы келіп, темір жолмен қырғыз, өзбек шекарасына шығады. Есесіне еліміздің қорғаныс министрлігіне құны 2 млн фунт стерлинг тұратын техника беруге уағдаласқан. Қорғаныс министрлігі квадрациклдар мен тепловизорларға тапсырып беріпті. Парламенттің төменгі палатасы екіжақты келісімді бір ауыздан мақұлдады.

Мөлдір БАҚЫТ-ҚЫЗЫ