Мүгедек кеншілерге берілетін төлемақы көлемін ұлғайту
мәселесі осы жылдың қыркүйегінде шешілуі мүмкін. Бұл туралы бүгін Қарағандыда
кеншілермен кездескен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі
Светлана Жақыпова мәлімдеді.
Вице-министр жасы 70-тен асқан кеншілердің
денсаулығына келтірілген зиянды өтеу мәселесін қазір ведомствоаралық комиссия
қарап жатқандығын айтты. Енді қаржы бөлуін сұрап, кезекті рет республикалық
бюджеттік комиссияның қарауына жібермек. Бұл сұрақтармен бүгінгі күні
министрлік өкілдері, облыс басшылары және шахтерлардан құралған белсенді
топтар жұмыс істеуде.
Атап өтейік, 70 жастан асқан кеншілер «Арселор Миттал
Теміртау» регрессниктерінің қатарына жатпайды. Себебі олар 90-жылдары Кеңес
одағы ыдыраған тұста жұмыстарынан айырылды. Сөйтіп, 2011 жылға дейін
денсаулығына келген зиян үшін төлемақы алған жоқ. Тек Азаматтық кодекс
өзгергеннен соң барып, төлемдер басталып, индекстелген негізгі мөлшерлеме
бойынша аударылып отырды. Бірақ бұл қаржының да мүгедектердің толыққанды өмір
сүруіне жетпейтіндігі шындық. Қазіргі таңда 360 адам мемлекеттен көмек күтіп
отыр.
Максим Мухамедияров, регрессник-зейнеткер, бастама топ
мүшесі:
Сондағы қолыма
алатынымыз 25-30 мың. Бірақ біз әлі науқас адамдармыз ғой. Біздің
дәрі-дәрмегімізден бөлек, күнделікті тұрмысымызға да ақша керек. Мына ақшаға
өмір сүру мүмкін емес. Жетпейді. Біз зейнетақымызды көтеріп, оны ең төменгі
айлық өсімінен аударып отырса дейміз.
Светлана Жақыпова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау
вице-министрі:
Бізде сіздердің өтініштеріңіз бойынша бюджеттік комиссияға
ұсыныс енгізілсін деген вице-премьердің тапсырмасы бар. Бұл сіздердің мәселе
бойынша оң шешім қабылданады деген сөз. Мен сөзімді жерге тастамаймын!
Азамат
АЛДОҢҒАРОВ