$513 €541.16 ₽4.69
×

Алматыда жемқорлықпен күрес тақырыбындағы халықаралық конференция өтті

AstanaTV
26.06.2014ж. 13:00
1003
Алматыда жемқорлықпен күрес тақырыбындағы халықаралық конференция өтті

Қазақстанда жемқорлық қылмыстар салдарынан қолды болғанымен, кейін мемлекет бюджетіне қайтарылатын қаражаттың үлесі артты. Қазір қылмысы дәлелденіп, ел қазынасынан астыртын жоғалған қаражаттардың 70% қайтарылды. Бұл туралы бүгін Алматыда өтіп жатқан халықаралық конференция барысында қаржы полициясы жетекшісінің орынбасары мәлімдеді.

Андрей Лукин мемлекеттік бағдарлама аясында жүзеге асырылуы тиіс жобаларға бөлінген қаражаттың талан-таражға түсіп жатқанына қынжылады. Оның көлемі миллиардтаған теңгемен есептеліп отыр. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік өкілінің айтуынша, қаражаттардың қайтарымы көп жағдайда соттың үкіміне тәуелді. Сондықтан, сот орындарының тиімді жұмысы - ұрланған ел қаражатын қайтарып алуға әсер ете бермек.

Айта кетейік, бұған дейін қаржы полициясы тек 2013 жылы мемлекет қоржынынан 6 млрд теңге «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» кеткенін айтқан еді. Олар негізінен, «Ақ бұлақ», «Жол картасы», «Тұрғын үй құрылыс саласы» және «Ауыл шаруашылық жерлерін игеру» мемлекеттік бағдарламалары кезінде талан-таражға түскен қаражат.

Андрей Лукин, ҚР ЭҚСЖҚК агенттігі төрағасының орынбасары:

Ел бюджетінен жемқорлық жолымен ұрланған қаражаттарды қайтару көрсеткіші 70%-дан асты. Негізінен, активтерге бұғат салу, жылжымалы және жылжымайтын мүліктерді сот шешімімен сатып, одан түскен қаржыны алу белсенді жүргізіліп жатыр. Көп жағдайда қаржыны қайтарып алу соттың үкіміне тікелей байланысты. Сондықтан, осы мәселені де пысықтаған жөн.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ