Шымкент келешекте шайынды суға бөгіп қалу қаупі бар. Қаланың қалдық сулары
ағатын құбырға жауапты «Су арнасы» мекемесінің жауапты мамандары дабыл қағып
отыр. Жауаптылардың айтуынша, диаметрі бір метр келетін кәріз құбырлары тұрғын
үйлердің астында қалды. Тыйым салынған аумақтан жер телімдері жеке құрылысқа
қалай берілгенін анықтау - жергілікті билік пен құқық қорғау органдарының
шаруасы. Айзада Төребекқызы мәселенің анық-қанығына зер салып көрді.
Мынау су арнасының бағандары. Бұл осы жерден кәріз құбырлары өткен деген
белгі. Демек бұл жерден оң жақта 5 метр, сол жақтан 5 метр ешқандай құрылыс
жүргізуге болмайды деген сөз. Бірақ көріп тұрғанымыздай, бұл талапты сақтап
жатқандар аз.
Темірхан Бегімбетовтің қызметіндегі негізгі міндеті тұрғындарға ескерту
жасау. Бүгін сол міндетіне кіріскен. Үйлерді аралап, баспаналарының қауіпті
аумаққа орналасқанын құлақтандырып жүр. Айтпасқа болмайды. Себебі кәріз құбыры
күндердің күнінде жарылып кетуі бек мүмкін. Мәңгілік ештеңе жоқ дейді ол.
Қаладағы көпқабатты тұрғын үйлер мен мекемелердің қалдық суы ағатын жалғыз
құбыр осы. Айтуынша, көп жағдайда үй иелері оның сөзін құлаққа да ілмейді.
Темірхан Бегімбетов, «Кәріз-су құбыры қызмет көрсету» ЖШС санитарлық
аймақты қорғау инспекторы:
Ескерткен кезде халықтың көбі мен сатып алдым, сатып алғасын мен салам
дейді. Ал заңдылықты түсіндірген кезде айқайласып кететін жағдайлар да болады.
Олар бәрібір түсінбейді. Құдай сақтасын, бұл ештеңке қылмайды дейді. Өмірлік
ештеңе жоқ. Күндердің күні оның бір жері жарылады. Ал сол кезде біздің адамдар
келіп техникасын алып кеп, сол жерде ремонт жасау керек. Ол ремонт жасауға
күннен күнге жету азайып жатыр бізге.
Жуандығы 1 метр болатын құбыр «Самал-2», «Самал-3» және «Солтүстік Батыс»
деп аталатын үш бірдей шағын ауданның астымен өтеді. "Осы аралықтағы жер
телімдерінің 70 пайызы жекенің меншігіне сатылып кеткен", - дейді су арнасы
мамандары.
Кеңес Әлібаев, «Су ресурстары-маркетингі» ЖШС заң бөлімінің басшысы:
Олар үйлерін салып алып, санитарлық қорғау аймағы талаптарын бұзып
отыр. Бұл заңға қайшы. Атқарушы билік бүкіл құжаттарын рәсімдеп берген. Ия,
олар құжат бойынша жер иесі. Бірақ бұл заңсыз. Сондықтан біз сотқа талап-арыз
түсірдік. 2006 жылдан бері біз 400 нысанды бұзуға жібердік. Тағы 226 нысан
бұзылуы мүмкін.
Мамандардың мәліметінше, түсіністікпен қарап, үйін әудем жерге салатындары
бар. Бірақ алып құбыр көпшілігінің ауласында қоршауда қалып қойып жатыр. Су
арнасындағылар бүгінгі таңға құбырдың үсті мен жақын жерге салынып кеткен 12
құрылысты бұзу туралы сотқа арыз түсіріпті.
Нұржан Таштенов, Шымкент қаласы Абай аудандық сотының кеңсе меңгерушісі:
Талапкер «Су ресурстары-маркетингі» ЖШС талап-арызы қанағаттандырылып,
бүгінгі таңда жеті үйді заңсыз салынғанына байланысты, бұзу жайлы шешім
қабылданып отыр. Және олар бұзылуға жатады. Ол құрылыс нормаларының талаптары
бұзылуына байланысты.
Соттағылар бұл құрылыстардың ешбіріне өтемақы төленбейтінін ескертті.
Алайда жерге жауапты басшылық әзірше қызыл сызық саналатын бұл аумақтардың
жекенің меншігіне өтіп кеткенінен хабарсыз секілді. Кәрізге жауаптылардың
базынасын тілшілерден естіп білді. Олардың пайымынша, бұл учаскелер мемлекеттік
заңдастыру кезінде құжаттандырылып кеткен болуы мүмкін. Заңдылығын анықтауға
уәде берді.
Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ