$513 €541.16 ₽4.69
×

Елбасы тапсырмаларын орындамаған шенеуніктер жауапқа тартылды

AstanaTV
27.06.2014ж. 13:00
1084
Елбасы тапсырмаларын орындамаған шенеуніктер жауапқа тартылды

Мемлекет басшысы жүктеген міндеттерді сапасыз орындаған бірқатар лауазымды тұлғаларға ескертулер мен қатаң сөгіс жарияланды.

Атап айтсақ, тәртіптік жауапкершілікке 5 саяси мемлекеттік қызметкер тартылды. Премьер-министрдің өкімімен Мемлекет басшысының «2020 жылға дейінгі елдің агроөнеркәсіптік кешенін дамыту бағдарламасын әзірлеу бойынша» тапсырмасына немқұрайлы қараған Ауыл шаруашылығы вице-министрі Сапархан Омаровқа ескерту жарияланды.

Сондай-ақ, Астана қаласы, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Маңғыстау облысы әкімдерінің өкімімен бірқатар тұлғаларға да сөгіс пен ескерту жарияланған. Мысалы, Астана қаласы әкімінің орынбасары Василий Крылов пен Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ерлан Текешов қатаң сөгіс алса, Қарағанды облысы әкімінің бірінші орынбасары Ғабит Мұхамбетов пен Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Сүйіндік Алдашовқа ескерту жарияланды.

Айта өтейік, апта сайын Премьер-министр Кеңсесі басшысы, министрлер орынбасары, жауапты хатшылар, облыс әкімінің орынбасарлары мен ұлттық компания жетекшілерінің Мемлекет басшысының актілері мен тапсырмаларын сапалы, әрі дер кезінде орындау бойынша жүргізген жұмыстары туралы есептері тыңдалып келеді.

Ләйлә ҚАЗИЯҚПАРОВА