$513 €541.16 ₽4.69
×

АН-72 ұшағының апатқа ұшырауына себепкер болды деп айыпталған диспетчерге кесілген жаза екі жылға қысқарды

AstanaTV
27.06.2014ж. 20:00
922
АН-72 ұшағының апатқа ұшырауына себепкер болды деп айыпталған диспетчерге кесілген жаза екі жылға қысқарды

АН-72 ұшағының апатқа ұшырауына себепкер болды деп айыпталған диспетчерге кесілген жаза екі жылға қысқарды. Дегенмен, айыпталушының адвокаты істі ақтау үкіміне жеткізуді діттеп отыр. Бұған дейін "Қазаэронавигация" мекемесінің қызметкері Қанат Ақылбеков 6 жылға жаза арқалаған болатын.

Апелляциялық сот процесі кезінде соттың шешімін өзгертуіне негіз болған ресейлік сарапшының бүгінгі дәйектері болған секілді. Апат себептерін тергеу жөніндегі комиссия құрамында болған Сергей Коногин Ақылбековтың айыбы жоқ деп мәлімдеді.

«Қазаэронавигация» мекемесінің диспетчері АН-72 ұшағы апатқа ұшырайтындай әрекет жасамаған. 27 адамның өліміне себепкер болды деген айыппен, 6 жылға жаза арқалаған Қанат Ақылбековтың апелляциялық шағымына байланысты куәгер ретінде арнайы тыңдалған ресейлік сарапшы осылай дейді. Мемлекетаралық авиациялық комитеттің бөлім бастығы Сергей Коногин ұшақ апатына қатысты зерттеу жұмыстарын жүргізген сараптау комиссиясында мүшелік еткен. Әуе кемесінің апаты Қанат Ақылбековтың ұшақты 2 мың 150 метр биіктікте кідіртуіне байланысты болды деп санамайтынын мәлімдеді. Өйткені ауа-райы сол кеште тым нашар болып тұрғандықтан, қону алаңын іздестіргенге дейін, кідіріс жасау қажеттілік болғанын қадап айтты.

Сергей Коногин, мемлекетаралық авиациалық комитеттің бөлім басшысы:

Әуе кемесі жерге бірден төмендей бастағанын көрсеткен диспетчердің алдындағы қондырғы. Бұл сондағы синтез жүйесінің техникалық ерекшелігіне байланысты. 830 метр биіктіктен 520 метрге дейін түскенін көрсетіпті. Бұл кез келген диспетчерді жаңылыстыратын көрсеткіш. Диспетчер осыған сүйеніп, нұсқау берген. Бұл аралықта небәрі төрт -ақ секунд уақыт бар еді. Ол уақытта экипаж жерді байқап үлгерген.

Еске салайық, күллі жүрттың қабырғасын қайыстырған қайғылы оқиға 2012 жылдың 25 желтоқсанында болды. Әуе апатынан 27 адам мерт болды. Оның жетеуі экипаж мүшесі. Жиырма жолаушының 19-ы шекара қызметінің басшылары. Әскери топ мінген ұшақ Шымкентке Астанадан жылды қорытындыламақ болып ұшып шыққан болатын. Алайда әуеге көтерілген басшылық құрамның әскери ұшағы, діттеген жерге санаулы шақырым қалғанда күл талқан болды. Апат үшін айып "Қазаэронавигация" диспетчеріне тағылды. 28 сәуірде сот Қанат Ақылбековты кінәлі деп таныды. 


Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ