Астананың энергетикалық қауіпсіздігі екі есеге артып, құрылысы қарқынды
жүріп жатқан «Олимп» және «Аэропорт» стансалары ЕХРО кезінде қуат көзімен
үздіксіз қамтамасыз етеді. Бұл жөнінде «Астанаэнергосервис» басқармасының
төрағасы Рустам Баялиев біздің арнаға берген сұхбатында мәлімдеді. Елордадағы
мекемелердің энергетикалық тиімділігі қалалық мәслихаттың кезекті сессиясында
қаралды.
Рустам Баялиев, «Астанаэнергосервис» АҚ басқарма төрағасы:
Астананы айналып өтетін жоғары кернеулі электр желісінің іске қосылуы
Елордамыздың энергетикалық қауіпсіздігін екі есеге күшейтті. Нақтырақ айтсам,
Астананың электроэнергетикалық қауіпсіздігі толығымен қамтамасыз етілген және
оған алаңдауға негіз жоқ. Мәселен, қазір Елордамызда электр қуатын тұтыну
көлемі алты жүз мегаватты құраса, аталған жоғары кернеулі желі қуатты бір мың
екі жүз мегаваттқа дейін жеткізуге қабілетті. Демек, алдағы уақытта, тіпті
жылдар бойы Астананың электроэнергетика саласына қауіп төнеді деуге негіз жоқ.
«Астанаэнергосервис» басшысы
Елордадағы мекемелердің энергетикалық тиімділігі тексеріліп жатқанын да айтып
өтті. Білім беру және денсаулық сақтау нысандары да тексеріске алынды.
Мамандардың алдында тұрған маңызды деген тағы бір шаруа - үшінші жылу электр
стансасының екінші кезегінің құрылысы.
Рустам Баялиев, «Астанаэнергосервис» АҚ басқарма төрағасы:
3-ЖЭС құрылысы - үлкен міндет. Оның бірінші кезегін салу жұмыстары қарқынды
жүргізіліп келеді. Ал екінші кезегін салуға тәуелсіз инвестор тарту көзделген.
Бұл бағыттағы жұмыстар да қолға алынған. Техникалық-экономикалық негіздемеге
сәйкес бұл нысан жоғары технологиялық, ең соңғы үлгідегі заманауи
қондырғылармен жабдықталған өнімділігі аса жоғары кәсіпорын болады. Инвестор
таяуда өткізілетін байқау нәтижесінде анықталады.
Айгүл ӘДЕПБАЙ