$506.21 €568.42 ₽6.3
×

Еуроодақ Молдова, Грузия және Украинамен қауымдасу туралы келісім жасады

AstanaTV
27.06.2014ж. 20:00
1191
Еуроодақ Молдова, Грузия және Украинамен қауымдасу туралы келісім жасады

Бүгін Украина Еуропалық одақпен арадағы ассоциация туралы келісімнің экономикалық мәселелері бойынша бөлігіне қол қойды. Брюссельде Украинадан бөлек Еуроодақ Грузия және Молдова мемлекеттерінің басшылары да дәл осындай құжатты бекітті. Көп күткен келісімді Украина президенті Петр Порошенко, Еуропалық кеңес төрағасы Херман ван Ромпей және Еуропалық комиссия төрағасы Жозе Мануэль Баррозу қабылдады. Мануэль Баррозу бұл қадамды «бастама ғана» деп бағалады. Алайда төраға бұл үш елдің Еуропалық одақ құрамына енуі туралы тіс жармады.

Украинаның одаққа мүше болу тағдыры ендігі кезекте парламенттің қолында. Шілде айында Украина парламенті бүгін бекітілген келісімді заңдастыруы тиіс. Одан кейін Еуропалық одақ пен Украина арасында еркін сауда аумағы орнайды. Демек, украин тауарларына еуропалық нарық айқара ашылады.

Еске салайық, Ассоциация жөніндегі келісім елдің бұрынғы билігі тұсында, өткен жылдың қараша айында бекітілуі тиіс еді. Алайда рәсім сол кездегі биліктің әділетсіз деген ұйғарымымен тоқтатылған.

Петр Порошенко, Украина президенті:

Бұл қадамның жасалуына түрлі жағдайлар әсер етті. Енді Еуропалық одақпен ассоциация бірталай реформаларға жол ашады. Біздің ел соңғы уақытта Еуроодаққа мүше болу жолында біраз тәуекел шығынға барды. Украина одақпен экономикалық интеграция және саяси қауымдасу жолына нық тұрды.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ