$513 €541.16 ₽4.69
×

Түркияда қалып қойған «Гүлнәр тур»-дың клиенттері елге оралатын болды

AstanaTV
03.07.2014ж. 13:00
1134
Түркияда қалып қойған «Гүлнәр тур»-дың клиенттері елге оралатын болды

Түркияда қалып қойған «Гүлнәр тур»-дың клиенттеріне отандық ұшақтар жіберілетін болды. Бұл туралы Көлік және коммуникация министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап, «ҚазАқпарат» хабарлайды.

Вице-премьер Әсет Исекешевтің төрағалығымен, өткен кеңес барысында төрт тәулік бойы Түркиядан ұша алмай отырған қазақстандық туристерге отандық әуе компанияларының ұшақтарын жіберу туралы шешім қабылданды. Сөйтіп, 300-ге жуық қазақстандық жақын арада үйлеріне оралады.

Еске салсақ, осы аптада «Гүлнәр тур» туроператорының жүзден астам клиенттері Түркия мен Қазақстан әуежайларынан ұша алмай қалған.

Азаматтық авиация комитетінің мәліметінше, «Гүлнәр тур» бағыттарына қызмет етуші Jet Airlines әуе компаниясы ұшағын пайдалануға рұқсаты тек 30 маусымға дейін ғана болған. Бірақ соған қарамастан, туроператор шілде айының рейстеріне де билет сатуды жалғастырып келген.

Белгілі болғандай, қазақстандық туристердің бір легін елге SCAT әуе компаниясы жеткізді. Бүгін түнде «Бодрум-Алматы» рейсі аттанып, 196 турист Алматыға 10:30-да табан тіреді. SCAT оларды әрі қарай өз қалаларына жеткізуді де мойнына алған. Ол үшін «Гүлнәр тур» компаниясы билет құнын көтеруге келіскен. Әзірге туристік компания SCAT-ка сенім хат жазып беріпті.

Мөлдір БАҚЫТ-ҚЫЗЫ