Алматы қаласы бойынша қаржы полициясы
департаменті VII Азия ойындарының ұйымдастыру комитеті атқарушы дирекциясының
мүшесі Айдар Мусинге қатысты істі тергеуді аяқтады. Бұл туралы бүгін Алматы
қалалық қаржы полициясы ақпарат таратты.
Мусинге қылмыстық кодекстің 4-ші бабы
бойынша, яғни, алаяқтық жасады, ақшаны заңдастырды және кәсіпкерлік қызметке
заңсыз араласты деген айыптар тағылған болатын. Аталған фактілер бойынша
қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары 2 ай көлемінде жүргізілді, делінген құзырлы
орган таратқан ақпаратта.
Айта кетейік, шенеунік 2009-2011 жылдар
аралығында "Q-Service" ЖШС-ін заңсыз басқарып, Азиада-2011 нысандарында
телекоммуникациялық жабдықтарды жөндеу бойынша мердігерлік жұмыстарды атқаруға
келісім жасау кезінде компанияларға жеңілдік ұсынған.
Жақсылық Жақыбаев, Алматы қаласы бойынша ЭҚСЖҚК
департаментінің баспасөз хатшысы:
Тергеу барысында бұл азаматтың мемлекеттік бюджеттен 800 млн теңге ақша
жымқырғаны анықталды. Және тергеушілер бұл азаматтың мүліктерін жалпы сомасы 70
млн тұратын мүлкін алып, қазіргі таңда қылмыстық іс сотқа жолданды.
Маржан СЕРІКҚЫЗЫ