Тағы да бір генерал темір тордың арғы бетіне өтті. Аса ірі
көлемде пара алды деп айыпталған қорғаныс саласының жоғары шенді офицеріне 6
жыл жаза тағайындалды.
Бағдат Майкеев биыл ақпан айында 2 млн
АҚШ доллары көлемінде пара алып жатқан сәтте құрықталған болатын. Генерал-майор
мен оның үш сыбайласына үкім Алматыдағы ауданаралық мамандандырылған сотында
оқылды. Басты күдіктіге заңсыз қару-жарақ сақтау, аса көп мөлшерде пара алу
деректері бойынша айып тағылып, олар дәлелденген.
Судья әскери маманды шен-шекпені мен
мемлекеттік марапаттарынан айыру үшін Президенттің атына ұсыныс хат жолдады. Ал,
экс-шенеунікке пара ұсынған үш азаматтың жазасы одан да ауыр болды. Павел Титаренко, Олег Спицын мен Алтынбек Қайырбаевтардың
әрқайсысы он жылға сотталды. Сотталушылардың барлығы өз кінәларын мойындаған
жоқ. Алдағы он бес күнде олар апелляциялық шағым түсіруге әзірленеді.
Генерал Бағдат Майкеев ішкі істер және
қорғаныс салаларында басшылық қызметтер атқарған. 2011 жылдан бері Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің
орынбасары лауазымында болды.
Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ