$525.87 €614.37 ₽6.72
×

Астанада VIII «Жаншуақ» қоғамдық сыйлығы табысталды

AstanaTV
27.11.2015ж. 20:00
3005
Астанада VIII «Жаншуақ» қоғамдық сыйлығы табысталды

Мүмкіндігі шектеулілердің шексіз мүмкіндігі. Мәдениет, спорт, білім, эстрада мен қолданбалы өнердің барлық түрлері бойынша жетістікке жеткен мүгедек жандарға "Жаншуақ" сыйлығы табысталды. Осымен 8-ші жыл өткізіліп отырған дәстүрлі шара «Шексіз мүмкіндіктер-2015» халықаралық акциясында «Нұр Отан» партиясының қолдауымен өтті. 

Ағаштан ойылып, майлы бояу мен қылқаламнан туындаған қайталанбас туындылар. Бұл он екі мүшесі сау болмаса да, өмірге құштар жандардың қолынан шыққан. Кәсіби шеберлердің бұйымдарынан еш кем емес. Қолөнер ғана емес, басқа да салада өнер көрсетіп жүрген жандар бар. Ал мұндай шаралар - кембағал жандар үшін өз мүмкіндіктерін паш етуге таптырмас алаң.

Дархан Тілемесов, «Жаншуақ» сыйлығының лауреаты:

Сондай бір мереке біз үшін ғажап. Мына бүкіл Қазақстанның жер-жерінен келіп жатыр, іс-шараға жылда қатысамыз. Бұл адамға әрі қарай жұмыс істеуге, үлгі болуға күш-жігер береді, рух береді. 

Бүгінгі күні Қазақстанда 620 мыңнан астам мүгедек жан бар. «Нұр Отан»  партиясы барлық өңірлерде бейімделген объектілердегі кемшіліктерді анықтап, оларды жоюға бағытталған жұмыстар жүргізіп жатыр. Қоғамнан шет қалмас үшін көптеген заңдарға өзгерістер енгізу бастамасын көтерді. Соның бірі - «Халықаралық мүгедектер конвенциясының» ратификациялануы.

Жанат Омарбекова, «Қазақстан мүгедектері конфедерациясы» РҚБ президенті:

Бұл өте биік жетістік бізге. Ол мүмкіндігі шектеулі жандардың құқығын қорғайтын және мүмкіндіші шектеулі жандардың өмір сапасын жақсартуға арналған үлкен жақсы нормативтік база бар.

Мүмкіндігі шектеулі адамдарды жұмыспен қамту ісі де партияның назарында. Жыл басынан бері оларды жұмыспен қамту мәселелері қарастырылған кешенді жоспарлар орындалып жатыр. Соның арқасында 10 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған.

Фархад Қуанғанов, «Нұр Отан» партиясының хатшысы:

Партия көшбасшысы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен «Нұр Отан» партиясы үш жыл қатарынан «Кедергісіз келешек» жобасын іске асырып жатыр. Бұл елімізде мүмкіндігі шектеулі жандардың өмірін жақсартуға, оларды жұмыспен қамтуға үлкен септігін тигізіп отыр. Біз жыл сайын мүмкіндігі шектеулі азаматтарға мүмкіндіктер жасасақ, олардың өмір сүру сапасы да күннен күнге көтеріледі деп сендіргім келеді.

«Жаншуақ» сыйлығынан 1,2 және 3-топтағы мүгедектер үміткер болды. Кемтар жандардың үміттерін жалғап, қоғамға қажеттіліктерін сезіндіретін мұндай байқаулар үзілмесе дейді, кембағал жандар.

Берік ХАСЕНОВ