$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Шенділерді тәртіптік жауапкершілікке тарту ережелері таяу арада бекітіледі

AstanaTV
30.06.2014ж. 20:00
1027
Шенділерді тәртіптік жауапкершілікке тарту ережелері таяу арада бекітіледі

"Қаймақтар" қатаң жазадан тыс қалмайды.  Саяси мемлекеттік қызметшілер жұмыс тәртібін бұзған жағдайда, Президент жанындағы жемқорлыққа қарсы күрес комиссиясы алдында жауап береді. Ақордада өткен комиссия отырысында мемлекеттік хатшы Әділбек Жақсыбеков мәлімдегендей, шенділерді тәртіптік жауапкершілікке тарту ережелері таяу арада бекітіледі.

Ал осы толықтырулар заңға енгізілген соң, облыс әкімдері мен министрлер қызмет этикасын бұзғаны үшін ғана емес, өз құзырындағы ведомстволарда жемқорлықтың белең алмауына жауапты болады. Құқық қорғаушылардың айтуынша, бұған дейін жұмыстағы салғырттығы үшін әкімшілік қызметшілер ғана жауапқа тартылатын. 

Марат Бәшімов, Еуропалық құқық пен адам құқығы жөніндегі сарапшылар институтының директоры:

Біз ылғи әкімшілік қызметкерлердің жауапкершілігін айтамыз. Ал саяси мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігін ешқандай жерде айтқан жоқпыз, ол сұрақтар қазір көтеріліп, қазір осы комиссияда ұсыныс айтылды. Оның механизмдерін әзірлеу туралы, ол қалай болады, қалай жауапқа тартамыз. Кейде анау үлкен қызметтегілерді этиканы қалай қолданады, қалай жауап береді, біз оны білмейміз. Оны кейін орнынан қалай алуға болатынын білмейміз. Осының бәрі, менің ойымша, маңызды сұрақ болып тұр.

Комиссия жұмысындағы тағы бір өзгеріс - оның ашықтығы. Бұдан былай Президент жанындағы жемқорлыққа қарсы күрес комиссиясының отырыстары онлайн түрінде жүргізіледі. Комиссияның мұндай отырыстарына барлық облыстардың әкімдері қатысады. Ал комиссия құрамына орталық мемлекеттік және құқық қорғау органдарының басшыларымен қатар үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері де кірмек. Мақсат - жемқорлыққа қарсы күреске бүкіл қоғамды жұмылдыру.

Нұрлан Ерімбетов, "Қазақстан Азаматтық альянсы" заңды тұлғалар бірлестігінің президенті:

Ең бастысы әр азаматтың, әр тұрғынның жауапкершілігі жөнінде бүгін жасқы әңгіме басталды. Бұған тек қана Үкімет емес, тек қана мемлекет емес, әрқайсымыздың өзіміздің жауапкершілігіміз болуы керек. Біздің өзімізді, балаларымыздың, көршілеріміздің, ағайын-туысқандарымыздың. Бүгін осы қоғамның жауапкершілігі жайлы жақсы мәселе көтерілді. Соны, осы әңгімені біз жалғастырамыз.

Асан ҚАЛИАХМЕТ