"Жамбыл Гуманитарлық-техникалық университеті жабылады". Аталмыш
оқу орнына келген Білім министрлігінің өкілдері осылай деп мәлімдеме жасады.
Оған оқу ордасының білім беру талаптарына жауап бере алмайтындығы себеп
болғанға ұқсайды. Ал білім ордасының басшылығы ресми мәлімдемемен келіспейді.
Тараптарды тыңдап қайтқан өңірлік тілшіміз Данияр Әлімқұл тақырыпты
жалғастырады.
Университетке жиналған студенттер оқытушылар мен ректорларына осылай қолдау білдірген. Алайда министрліктен
келгендер оқу орнының лицензиясы қайтарып алынатынын ашып айтты. Облыстық
соттың шешімі 9 маусымда шыққан. Содан бері министрлік шешімнің заңды күшіне
енуін күтіпті. "Ал лицензияның алынуына білім көрсеткішінің төмендігі себеп", - дейді мамандар.
Забира Оразалиева, ҚР Білім және ғылым министрлігінің комитет төрағасы:
Осы жоғары оқу орнының лицензиясы мүлдем тоқтатылды. Сондықтан бұл білім
ошағында білім алған күнде де, дипломдары жұмысқа тұруға жарамсыз болады.
Бастапқыда аттестацияда 28 мамандықтың 16-сы сүрініп, өте алмай қалды шектеуден.
Ал екіншіде 7 мамандықтың студенттері өте алмай қалды.
Жалпы ЖГТУ-да үш жарым мың студент бар. Оның тең жартысына астамы күндізгі
оқу бөлімінде оқыса, қалғандары сырттай білім алады. Дәл осы соңғы топтың саны
шамадан тыс көбейіп кеткені де лицензиядан қағылуға қосымша себеп болған. Ал
оқытушылар құрамы 526 адамнан тұрады. Мұндай ауқымды ұжымның бір-ақ күнде
далада қалғысы жоқ.
Бақыт Битанова, ЖГТУ оқытушысы:
2 жылдан кейін зейнетке шығуым керекпін. Енді мен басқа бір жерге барып үйренгенімше, қаншама уақыт өтеді. Бұл жерде менің сіңірген еңбегім бар. Беделім бар, 8 жылдан бері осы жерде жұмыс істеймін.
Ғабит Жапсарбай, ЖГТУ студенті:
Біз енді қазір басқа университетке ауыстырамыз, жібереміз деп жатыр. Енді
біз басқа университетке ауысқымыз келмейді. Өйткені басқа университетке
баратын болсақ, ол жерде бізге мұндай жеңілдіктер ешқашан көрсетілмейді. -
Қандай жеңілдіктер? - Мен өзім жетіммін. Жетім отбасынан болғандықтан, осы жаққа
түскем бірінші жылдан.
Университет ректоры Жомарт Қошқаров бастапқыда білім сапасында кемшіліктер
болғанын мойындайды. Алайда аз уақытта оны да реттедік, мына жайт бізді
есеңгіретіп отыр дейді.
Жомарт Қошқаров, ЖГТУ ректоры:
Тапсырыс беруші тұлғаларды мен бүгін айтпай-ақ қояйын. Өзі бұл мәселе де
межесіне жетеді деп ойлаймын. Межесіне жеткен кезде, тапсырыс берген және
тапсырысты орындаған мекемелерді ашық айтуға дайынмын. Біз Жоғарғы соттың
шешіміне дейін барып, шешімі шыққан соң орындаймыз деп ойлаймыз.
Білім және ғылым министрлігіндегілер - шілде айының онына дейін Бақылау
комитетіне лицензия қайтарылсын дейді. Ал осындағы оқытушылар мен студенттерді
басқа оқу орындары қабылдайды дегенге көпшілік күмәнмен қарайды.
Данияр ӘЛІМҚҰЛ