$513 €541.16 ₽4.69
×

Керекуде «Электроник» лагерінде демалып жүрген бірнеше бала уланып, ауруханаға түсті

AstanaTV
30.06.2014ж. 20:00
1236
Керекуде «Электроник» лагерінде демалып жүрген бірнеше бала уланып, ауруханаға түсті

Керекуде жазғы лагерьде демалып жүрген бірнеше бала уланып, ауруханаға түсті. Алдын ала болжам бойынша, балғындар тамақтан ұшынған. Қазір бұл оқиғаға қатысты тергеу шаралары басталды. Демалыс орнының үстінен санитарлық ережені сақтамау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Ауруханаға бірден 11 бала жеткізілген. Олардың жетеуіне "тамақтан уланды" деген диагноз қойылды. Ал төрт баладан бактериялық ішек жұқпасы табылған. Шұғыл құрылған комиссия лагерьде санитарлық ережелердің сақталмағанын әшкереледі.

Эпидемиологтардың айтуынша, ас әзірлейтін бөлмеде желдеткіш те болмаған. Соңғы күндері ауа-райының күрт ысып кеткені белгілі. Осыны ескерсек, мұндай жерде тамақ әзірлеудің өзі қауіпті дейді тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің өкілдері. Облыс орталығынан 50 шақырым қашықтағы демалыс орнында 22 бала тынығып жүрген. Олардың дені балалар үйінің тәрбиеленушілері. Лагерь өз жұмысын тоқтатты.

Сәуле Оспанова, Павлодар облыстық тұтынушылар құқығын қорғау департаменті басшысының міндетін атқарушы:

Балалар тамақтың сапасыз дайындалғанын айтты. Олардың сөзіне сенсек, етте жағымсыз иіс болған, сорпа да бір түрлі дәмсіз болған. Тексере келе, бірқатар технологиялық процесстердің бұзылғанын анықтадық. Температуралық режим сақталмаған. Дәл қазір нақты болжам жасау қиын. Лабораториялық тексеруден кейін бәрі белгілі болады.

Дәрігерлер балалардың жағдайы жақсарды дейді. Екеуін ауруханадан шығару жоспарланған. Анықталғандай, «Электроник» лагерінің сауықтыру шараларын жүргізуге рұқсаты болмаған. Тұтынушылар құқығын қорғау департаменті жаздың басында аталған демалыс орнына санитарлық рұқсатнаманы бермегенін айтты.

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ