Маңғыстау облысындағы Маңғыстау ауылында балалар ойнайтын алаң жоқтың қасы.
Ала жаздай өз аулаларында аунап-қунайтын балғындар үшін бұл кәдімгідей қиындық
туғызуда. Жергілікті билік бұл маңдағы гараждарды ысырып, жаңа ойын алаңын
салып беруге уәде берген. Алайда жаз аяқталуға жақындаса да, жұмыс тоқтап тұр.
Ересектер аяқарбаға алданса, кішкентайлар әткеншек пен сырғанақты ермек
қылады. Балғындар мұның қызығын көру үшін, кезек күтуге мәжбүр. Шыдамы
таусылғандары асыр салып ойнауға жартылай құлап жатқан гараж маңына барады.
Гәптің бәрі осы гаражда. Екі ай бұрын ауыл әкімдігінің өкілдері мұны
ысырып, орнына ойын алаңын саламыз деп тұрғындарға уәде берген. Гараж иелері де
бұған қарсы емес. Алайда екі ай ішінде бір ғана қирандының орны тазартылды.
Алуаш Оңғарова, Маңғыстау ауылының тұрғыны:
Мына жерге екі балалар алаңы, бір бассейн саламыз деді. Біз қуанып
қалдық. Бірақ он бес шақты күн болды біреуі ат ізін салмады.
Айжан Дүйсенбаева, Маңғыстау ауылының тұрғыны:
Бұзғандарына бір ай болды, жатыр міне, ешкім алмайды. Әкім деген
машина керек, зат береміз деген.
Жұмыстың тоқтауына ауыр техниканың болмауы себеп көрінеді. Әкімдік мұндай
көліктерді жергілікті кәсіпорындардан алады. Бұған қоса әлі құрылыстың жоспары
да жасалмаған.
Қалқатай Өтемұратов, Маңғыстау ауылы әкімінің міндетін атқарушы:
Гараждардың іші өртеніп кеткен, иелері жоқ, бос тұрғандарының ішінде
қонады, спирттік ішімдік ішеді. Сондай арыздар түскен тұрғындар тарапынан да, учаскелік полицейлерден де. Сол себепті біз қолға алдық.
Алаң құрылысының қанша қаржыға түсетінін әкімдіктегілер әлі білмейді. Бірақ
тиісті ақшаның бөлінгеніне сенімді. Жаймашуақ жаз да жартысынан ауып кетті.
Соған қарағанда, жаңа ойын алаңы маңғыстаулықтарға биыл бұйырмайтын секілді.
Десе де жауаптылар демалыс күндері бос гараждарды ысыруды бастаймыз деп
сендірді. Қазірдің өзінде ойын іздеп гараж жағалаған талай қарасирақ
ауруханадан бір-ақ шықты.
Мөлдір БАҚЫТ-ҚЫЗЫ