Темір жолда тағы да апат. Бұл жолы Жамбыл облысында шыны
тиелген 5 вагон рельстен шығып кетті. Салдарынан қозғалыс тоқтап, төрт пойыз
жолда қалып қойды. Оқиға Шақпақ стансасынан 25 шақырым қашықтықта болған.
Жамбыл-Түлкібас аралығында қатынайтын жүк пойызының алдымен бір вагоны жолдан
шығып кеткен. Ізінше тағы 4-уі қатарынан аударылып кетті.
Төтенше оқиға салдарынан 3
бірдей жүк пойызы жолынан қалды. Оған қоса «Көкшетау-Қызылорда» бағытындағы жолаушылар пойызы да аптап ыстықта жолда тұруға
мәжбүр болды. Пойызда 600 жолаушы болған. Олардың бәрі Бурный стансасында
қозғалыстың қалпына келуін күтуге мәжбүр. Кеше кешкісін келіп түскен ақпарат
бойынша, оқиға орнында жолдан үш вагон алынып тасталған. Жол шыны сынықтарынан тазартылуда.
Илхам ИБРАГИМ