$513 €541.16 ₽4.69
×

Ақтауда қолөнершілерді қолдау орталығы мен мәдениет сарайы басшыларының арасындағы жанжал өрши түсуде

AstanaTV
01.07.2014ж. 13:00
1893
Ақтауда қолөнершілерді қолдау орталығы мен мәдениет сарайы басшыларының арасындағы жанжал өрши түсуде

Картиналармен көшеге. Ақтауда «Ковчег» қолөнершілерді қолдау орталығы мен мәдениет сарайы басшыларының арасындағы жанжал өрши түсуде. Ғимарат басшысы қолөнер шеберлеріне жалға берген мекемені босатуын талап етіп отыр. Енді, істі жаңадан бастаған және тәжірибелі суретшілер мен тігіншілер отыратын ұяларынан айырылып, далада қалмақ. Ал, орталық қожайыны өздерінің заңды орындарын ала алмай жүргеніне бірнеше жыл болғанын айтып қынжылуда. Алайда, амалдарынан тағы түк шықпайтын сияқты.

Наталья Романова
, «Ковчег» қолөнершілерді қолдау орталығының директоры:

Я не знаю, что мы сейчас будем делать. Ну, во-первых, я не сплю, это понятно. Мне надо детей
куда-то устроить, а куда?

Наталья Романова көз жасын тия алмай отыр. Мәдениет сарайындағы орынды осыдан 5 жыл бұрын жалға алған. Енді, бұл жерден кету керек. Себебі, ғимараттың күрделі жөндеу жұмыстарынан соң мұнда ұлт аспаптар оркестрін орналастыру жоспарланған.

Наталья Романова
, «Ковчег» қолөнершілерді қолдау орталығының директоры:

Бізден кетуімізді сұраған да жоқ, алды да қуып шықты. Алдыңғы күні мұнда облыс әкімінің орынбасары мен Абай атындағы Мәдени демалыс кешенінің директоры, барлық құрылысшылар болды. Әкім орынбасарынан бізді осында қалдыруды сұрадық. Үлкен Мәдениет сарайындағы біз отырған 147 квадрат метр жер бір нәрсені өзгерте ме?

Қолөнер шеберлерінің орталығында он шақты адам жұмыс істейді. Дәлірек айтсақ, жұмыс істеген. Арасында балалар да, ересектер де бар.

Жақында шеберлер Натальяны қолдауға келіп, соңғы рет бас қосты. Бұл жер оларға ыстық. Мұнда көп нәрсені үйренді: тігін тікті, сурет салды, жүн түту, моншақтап өруді үйренді. Негізі 2007 жылы «Ковчег» орталығындағылардың өз ғимараттары болуы керек еді. Оның эскизін аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев бекіткен болатын. Бірақ, қолөнер шеберлерінің шаттығы ұзаққа бармады. Облыс басшысының ауысуымен жоспар да өзгерді. Белгіленген жерде басқа ғимарат бой көтерді. Енді міне, қолөнершілердің далада қалатын түрі бар.

Кристина Тищенко
:

Өте өкінішті. Бұл жердің атмосферасы сондай жақсы еді. Келген сайын бір нәрсе жасағың келіп, шабыттанып тұратын едік. Оның жабылуына жол бермеуіміз керек.

Мәдениет үйінің басшылығы басқа амалдың жоқтығын айтады. Күрделі жөндеу жұмыстарының жүретіндігі және ғимаратты босату керектігі туралы «Ковчег» орталығына ақпаннан бері айтылып, ескертілген. Себебі, мұнда ұлт аспаптар оркестрін орналастыру керек. Бұл шешім туралы әлдеқайда ертерек, 2009 жылдан бері белгілі болған.

Юрий Дирр
, Абай атындағы Мәдени демалыс кешенінің директоры:

Мен мұндағыларды өте жақсы түсінем, мен де алаңдаулымын. Себебі, біздің де күйіміз, мақсатымыз сондай. Әрине, өзіңнің отыратын бөлмең болғанға не жетсін. Біз де өскіміз, дамығымыз келеді. Бізде 12 ұжым болатын. Қазір 34, енді мен 34-шісі болғым келеді.

Қалалық әкімдіктегілер бұл жағдайға байланысты пікір білдіруден бас тартты. Наталья Романова болса, қол ұшын созар деп облыс басшылығына үміттенуде. Ал, «Ковчегтегі» жәйтті көзімен көрген облыс әкімінің орынбасары Бану Нурғалиева тігін мен суретті өмірінің мәні санайтындар үшін басқа орын тауып беруге тырысатынын айтып, шеберлерге уәде берген.