Астана күніне орай Елордада «Сахнадан сәлем» халықаралық театр фестивалі
ашылды. Биыл екінші рет ұйымдастырылып отырған шараға қатысуға ниет білдірген
ұжымдар 1 ай бойы іріктелген. Сыннан сүрінбей өткен 13 театр елордада өнер
көрсетеді. Оның төртеуі Астанадан, қалғаны еліміздің өзге аймақтарынан келген.
Мұнан бөлек фестивальге Ресей мен Түркия театрлары да қатысады.
Қазақстандық
және шетелдік өнер ұжымдарының шығармашылығын бағалауға еліміз бен Австрияның
театр мамандары шақырылған. Ал бүгін "Жастар" театрында фестивальдің шымылдығы
түрілді. Онда әйгілі драматург Мары Байжиевтің «Тіл табысқандар» спектаклі мен
Агульянскийдің «Гнездо Воробья» премьералық қойылымдары көрсетілді. Енді
Қазақстан мен өзге де елдерден келген барлығы 400-ге жуық театр артистері шілденің 6-на дейін астаналықтарға өнерін ұсынады.
Болат Ұзақов, ҚР еңбек сіңірген қайраткері:
Талғампаз көрерменге, комедия көрем деушілерге, комедия бар, драма көрем
дегендерге - драма, трагедия көрем деушілерге, трагедия бар. Биылғы фестивальдің
тағы бір айырмашылығы - қуыршақ театрлары келеді. Жас бүлдіршіндерге арналған
спектакльдер де бар.
Базаргүл ОТЫНШИЕВА