Елордада шынкиоку-шинкай каратэден «Астана кубогы-2014» халықаралық турнирі
мәресіне жетті. Қатарынан 10- рет өтіп отырған жарыста қарсылас шақ
келтірмеген Қазақстан құрамасының спортшылары командалық есепте тұғыр биігінен
көрінді.
«Астана кубогы» - жыл сайын өтетін дәстүрлі жарыс. Биылғы турнирге Ресей,
Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Қазақстан құрамалары қатысты. Екі күн
бойы татами төріне шыққан 400-ге жуық спортшы 37 медальдар жиынтығын сарапқа
салды. Балалар, жасөспірімдер және ересектер арасында өрбіген жекпе-жектер
тартысты өтті. Бұл сында шеберлігімен көзге түскен жарыс иелері қарсыластарын
місе тұтпады.
Төлеген Мұхамеджанов, ҚР шынкиоку-шинкай каратэ федерациясының президенті:
Біздің федерацияның дамуына байланысты, соның деңгейіне байланысты біз 2017
жылы осы Астанада дүниежүзілік чемпионат өткіземіз. Оның барлығы осы жасөспірім
балалардың спортқа үлкен қызығушылығы бар. Ұмтылыстың арқасында біздің спорттың
дамуы. Каратэ шинкиокушинкай Қазақстанда дамыған спорт түрінің бірі деп айтуға
болады. Өйткені біз дүниежүзілік біріншілікте бірінші орын алғанбыз.
Жекпе-жектер қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасының спортшылары жалпы
саны 20 алтын медальді ұтып алды. Отандастарымыздың арасынан Нүркен Қалауовтың
еңбегін айта кеткен жөн. Астана қаласының спортшысы осымен екінші жыл қатарынан
алдына жан салатын емес. Ресей командасы 6 алтынды ұтып алса, Қырғызстан
құрамасы 2 алтын медальді команда қоржынына салды. «Астана кубогында» топ
жарған каратэшілер ұлттық құрама сапына іріктеліп, алдағы уақытта өтетін
халықаралық жарыстарда ел намысын қорғайды.
Самат ҚАНАҒАТОВ