$513 €541.16 ₽4.69
×

Өскеменде соққыға жығылған сәбидің әкесі табылды

AstanaTV
02.07.2014ж. 13:00
1480
Өскеменде соққыға жығылған сәбидің әкесі табылды

Ауыр соққымен ауруханаға түскен Ильяс есімді балдырғанның ата-анасы табылды. Мұны арнамыздың тілшісіне аурухана қызметкерлері телефон арқылы хабарлады.

Кешегі жаңалықтарымызда Өскемендегі Ана мен бала орталығына ауыр дене жарақаттарын алған сәбидің жеткізілгенін айтқан едік. Баланы әкелген әйел өзін оның туысымын деп таныстырған. Ильястың абайсызда төсектен құлап кеткенін де айтқан. Дәрігерлер баланың өмірін құтқарып қалуға барын салды. Алайда сәбидің ата-анасынан еш хабар болмады. Біздің арнадан берілген материалдан кейін, баланың ата-анасы ауруханаға барған. Белгілі болғаны, жұбайлар бірнеше айдан бері бөлек тұрады. Бірақ ресми түрде ажыраспаған көрінеді.

Дәрігерлердің айтуынша, қазір баланың ата-анасы полицияға жауап беруде. Оқиғаның анық-қанығы белгілі болған кезде, анасы Ильястың қасында жату мүмкіндігіне ие болады. Бүгінде баланың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ.

Бақытжан Торғаев, Шығыс Қазақстан облысы ІІД баспасөз қызметінің бастығы:

Бала айыққаннан кейін біз сараптама тағайындаймыз. Осы сараптама қорытындысы бойынша, баланың дене жарақатын алуы төсектен құлағаннан болды ма, не болмаса басқа жағдайдан болғанын толық айтуға болады. Сонымен қатар
, айта кету керек, бұл отбасының жағдайын енді комиссия шешетін болады.

Жұрағат БАМАН