$510.06 €566.32 ₽6.32
×

ОҚО-дағы Шардараға көгілдір отын берілді

AstanaTV
03.07.2014ж. 20:00
1701
ОҚО-дағы Шардараға көгілдір отын берілді

Оңтүстік Қазақстан облысындағы екі бірдей елді мекенге көгілдір отын берілді. Соның бірі Шардара ауданына қарасты Алатау батыр ауылы қыстың қамын жеңілдетті. Облыс орталығынан шалғайда жатқан ағайынның қуанышына әріптесім Айзада Төребекқызы да ортақтасып қайтты. 

Облыс орталығынан екі жүз шақырымдай қашық жатқан Алатау батыр ауылының халқы бұл күнді көптен күткен. Енді міне, Шардара ауданындағы 1200-ден астам отбасы табиғи газға қол жеткізіп мәре-сәре.

Қамытбек Айтөреев, Шардара ауданының әкімі:

Бұл Елбасымыздың халыққа жасап жатқан, халықтың әл-ауқаты тұрмыс жағдайы жақсару үшін жасап жатқан үлкен жолдауларының орындалуының бір көрінісі болып жатыр.  Ұзын ата ауыл округінде газ бар еді. Бүгін Алатау батыр ауылы округінде газ қосылды.  Бұл газдың ашылуы тура мынау үлкен мерекенің алдында, Астана қаласы күнінің қарсаңында болып жатыр.

Ас үйдегі жайлылықты отбасымен бірге алғаш боп сезінгендердің бірі Ділдәқыз Өмірбекова. Табиғи газдың келуін отыз бес жылдан артық уақыт күткенін жасырмайды. Қыстық отынды айтпағанда, ас әзірлеп, ыстық шәйді уақытылы ішудің машақаты баршылық еді дейді ол.

Ділдәқыз Өмірбек, Шардара ауданының тұрғыны:

Өте қуаныштымыз. Әсіресе қыс айында біздерде ошаққа сексеуіл, көмір жағатын едік. Келіндеріміз күл шығаратын еді. Ал енді көгілдір отын келуіне байланысты жұмыстарымыз жеңілдейді деп қуанып отырмыз.

Жергілікті биліктің дерегіне сенсек, бұл ауқымды жұмысқа мемлекет қазынасынан 1 млрд 300 млн теңге қаржы жұмсалды. Айта кетейік, бұған дейін Шардарадағы Ұзын ата ауылының халқы табиғи отынға қол жеткізген болатын. Енді алдағы күндері 8 мың тұрғыны бар Көксу ауылдық округіне толықтай көгілдір отын беріледі деп күтілуде. Шардара ауданы әкімі 2017 жылға дейін бүкіл елді мекен газбен қамтылатынын айтты.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ