$513 €541.16 ₽4.69
×

Алматыда көп қабатты үйлерге жылу есептеу құралы орнатылып жатыр

AstanaTV
03.07.2014ж. 10:00
1124
Алматыда көп қабатты үйлерге жылу есептеу құралы орнатылып жатыр

Алматыда өңірлік даму министрлігінің тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы департаментінің өкілдері бастаған топ қаланың бірқатар аудандарын аралап, тұрғындарға орталық есептеу құралдарын орнату бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді. 4 жылдық қолданысқа берілетін мынадай жылу құралы тұрғын үй шаруашылық даму қорының қаражаты есебінен орнатылады. Дәл бүгін мұндай құрал Алматыда орналасқан тұрғын үйлердің 34%-нда бар. Жобаны іске асыру үшін мемлекеттік бюждеттен 8 млрд теңге қаражат бөлініп қойған.

Бегман Көлбаев, ҚР Өңірлік даму министрлігінің ТКШ департаменті директорының орынбасары:

Біздің қазіргі заңның талабына сәйкес, аталған жылу есепке алу құралдары міндетті түрде болуы керек. Сондықтан, заңның талабын барлығымыз орындауымыз керек. Негізігі мақсатымыз - көп пәтерлі тұрғын үйлердің қысқы мезгілде пайдаланатын электр энергиясының нақты көлемін анықтау болып табылады.

Мәселен, «Самал-1» ықшам ауданында орналасқан мына үйге жаңа жылу есептеу құралы осыдан бір жыл бұрын орнатылған. Аталған уақыт ішінде тұрғындар жылуға төленетін қаржымыз біршама үнемделді дейді.

Димнура Еспенбетова:

Бұрын біз ыстық суды да, суық суды да санамадық. Қанша болса сонша төлей бердік. Енді барлық үйде осындай құрылғы бар. Қағаз келеді ғой сол қағазда төлеу сомасы 2-3 есеге дейін азайғанын көрдік. Сол экономия көрініп тұр.

Жалпы, көп пәтерлі тұрғын үйлерге ортақ жылу есептеу құралын орнату жобасы келесі айдан бастап толығымен жүзеге асады деп жоспарланған.

Маржан СЕРІКҚЫЗЫ