$526.5 €611.64 ₽6.72
×

Шымкенттік соғыс ардагері Мемлекет басшысының мерекелік құттықтауын алды

AstanaTV
30.11.2015ж. 20:00
2073
Шымкенттік соғыс ардагері Мемлекет басшысының мерекелік құттықтауын алды

Шымкент қаласының тұрғыны, соғыс және еңбек ардагері Қаратай Төлебеков Тұңғыш президент күніне арнайы құттықтау алды. Облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов қарт майдангерді мемлекет басшысының атынан ерекше сый-құрметке бөледі. 

Ардагер өзін құттықтай келген әкімге алғыс айтты. Тәуелсіз Қазақстанды өсіп-өркендету бағытында Елбасының бастамасымен атқарылып жатқан игі тірліктерді қолдайтынын жеткізді. Президент ұстанған саясаттың арқасында жастарымыз шетелдерде білім алып жүр. Елордаға алыс-жақын мемлекеттердің басшылары арнайы сапармен көптеп келіп жатыр, дүниежүзі тәуелсіз Қазақстанмен санасады. Майдангер мұның бәрі азаттық туын желбіреткен аз ғана жылда қазақ мемлекетінің өзін көрсете білуінің нәтижесі деп біледі. Дағдарыстан да Қазақстан халқының қысылмай шығарына сенімді.

Қаратай Төлебеков, соғыс және еңбек ардагері:

Қазақстанға қазір Қытайдан да келіп жатыр, Жапониядан да келіп жатыр, Франция,  барлығынан ірі кәдімгі бизнесмендер келіп, өздерінің кәсібін ашып, оның өзі біздің халқымыз үшін, халық үшін өте жақсы. Бұл Назарбаевтың арқасында жүріп жатыр. Сол үшін біз не тілейміз, қария ретінде. Жасым 93-ке кетіп бара жатыр. Назарбаевқа тілейтін тілегім - тек қана ұзақ өмір, зор денсаулық. Қазақ халқының, қазақ елінің келешегі үшін Назарбаевқа Алла ұзақ өмір берсін.

От-жалында шыңдалған жауынгер елге келгесін ұзақ жыл бойы білім саласында еңбек етті. Құдай қосқан қосағы Қымбат апа екеуі - алпыс бес жылдан бері жұптасқан жұбайлық өмірде төрт перзент көріп, олардан ұрпақ сүйіп отырған бақытты отбасы. Биыл жасы 93- ке толған майдангер Жеңістің 70 жылдық мерейтойын Мәскеудегі Қызыл алаңда қарсы алғанын мақтанышпен жеткізді. Ардагердің басты тілегі - еліміздің тыныштығы ғана.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ