Тұңғыш
Президент күніне орай Шығыс Қазақстан облысында жас ақындардың сөз сайысы өтті. «Нұр Отан» партиясы ұйымдастырған айтыста 12 қатысушы бақ сынады.
Үздіктер республикалық сайыста облыстың
намысын қорғау мүмкіндігіне ие болды. Айтыскерлер жас екенбіз деп жалтақтамады, әлемде болып
жатқан қиындықтарды, елдің жетістігін өткір тілмен өрнектей білді.
Жыр
додасы басталмас бұрын, арнайы бөлмеде
жиналған ақындар домбыраның күйін келтіріп, бір-бірінің сырын білуге тырысып
бақты. Аймақтың түкпір-түкпірінен ат арытып келген сөз шеберлері, айтыс алдында ғана алғаш рет
бетпе-бет жүздесіп отыр.
Нұреке
Мекебай домбыраны 3 жыл бұрын ғана меңгерген. Осы күнге дейін жас ақын талай
жүлделерді қоржынына салып үлгерді. Дегенмен, әр сайыстың алдында қобалжитынын
айтады. Өйткені қарсы тараптың не жайында сөз қозғайтыны тек сахна төрінде
ғана белгілі болады, - дейді дарын иесі.
Нұреке
Мекебай, ақын:
Әрине,
айтыс деген жауапкершілікке толы нәрсе. Атамыздан жалғасып келе жатқан мұра,
сол үшін қобалжу болады. Қарсыласым да мықты ақын, Семей қаласында аты шығып
жүрген ақын. Алланың аузымызға салып берген сөзін айтамыз.
Сайыстың ең жас қатысушысы - 15 жастағы Ақерке Бекбосынқызы. Бала күнінен қолына
домбыра алып, сөз сайысына түсіп жүрген жас дарын бұл шараға мықтап әзірленген.
Анасының ақылымен арнайы көйлек те тіктіріпті. Ақындықты серік еткен ағалары
жеңіске жетудің құпиясымен бөліскенін де айтып қалды.
Ақерке
Бекбосынқызы, ақын:
Айтыс
сахнасы - үлкен өнер. Ол жерде шабыттың арқасында арқалынып кетсең, ол жерде ақынның
шабысы да білінбей қалады дейді. Мен бұл жерден қорықпаймын деп ойлаймын.
Жас
ақындар айтысы ел ішінде жүрген талантты жандарды қолдау мақсатында
ұйымдастырылып отыр. «Нұр Отан» партиясы Шығыс Қазақстан облыстық
филиалы төрағасының бірінші орыбасары Әнуарбек Мұхтарханов бұл тамаша үрдісті
келешекте жалғастыруға ниетті екенін жеткізді .
Әнуарбек
Мұхтарханов, «Нұр Отан» партиясы ШҚО
филиалы төрағасының бірінші орынбасары:
Соңғы
жылдары ШҚО ақындары республикалық айтысқа қатысып жүрген жоқ. Енді ойлаймыз, қайтіп осы үлкен айтысқа жол ашуға мүмкіндік беретін конкурс деп, жастардың
арасында.
Әр
жұпқа 10 минуттан уақыт берілді. Сәлемдесуден кейін-ақ бауырын жаза шапқан сөз
саңлақтары маңызды тақырыптарға ойысты. Ел-жер тағдырына байланысты кесімді
пікірлерін білдіріп, халықтың ықыласына бөленді. Елбасы бағындырған биік
белестерді де атап өтті. Сондай-ақ, зорлық-зомбылықты сынап, тату-тәтті өмірді
насихаттады.
Қатысушылардың
барлығы мақтау қағаздарына, сондай-ақ ақшалай сыйлықтарға ие болды. Ал бас
жүлде Тарбағатай тумасы Нұржан Өмірбаевқа бұйырды. 100 мың теңге ақшалай
сыйлықты еншілеген ол, енді республикалық ақындар айтысында облыстың намысын
қорғамақ.
Абзал
ҚҰРМАНКИН