$513 €541.16 ₽4.69
×

Алматы полициясы «Гүлнәр тур» фирмасының туристерінен шағым қабылдауда

AstanaTV
04.07.2014ж. 20:00
1498
Алматы полициясы «Гүлнәр тур» фирмасының туристерінен шағым қабылдауда

«Гүлнәр тур» фирмасына қатысты дау-дамай жалғасуда. Түркиядан оралған туристер аталған компанияның Алматыдағы кеңсесіне келіп, қаражатын талап етті. Алайда туристік мекеме басшысы үш күннен бері кеңсесіне бас сұқпаған. Кеше «Скат» әуе компаниясымен Алматыға жеткізілген туристік фирма клиенттері енді өз аймақтарына қайта алмай отыр. Сол сияқты Павлодар мен Қостанайда алдын ала жолдама сатып алған азаматтар қаржысын қайтаруды сұрап отыр.

«Гүлнәр тур» компаниясының туристік жолдамасымен Антальяға ұшып барған Гибадуллиндер отбасы кеше Алматыға жетті. Кешелі бері «Гүлнәр турдың» кеңсесін жағалаған олардың мәселесін шешуге ешкім асығар емес. Бастапқыда отбасы Актөбеге тікелей ұшып бару үшін қаражат шығындаған. Алайда «Скат» әуе компаниясы кеше туристерді Алматы халықаралық әуежайына дейін ғана жеткізген.

Венера Гибадуллина, турист:

«Гүлнәр тур» бізге бүгінге теміржол билетін сатып әпереміз деп уәде берген. Бірақ ол билеттің барына күмәнданып отырмыз. Онсыз да біз 6 күн Түркияда ұшақты күтіп жаттық. Қаражатымыз мүлдем қалмады. Кеше ұшақпен Алматыға жеткен 100-ден астам адамның 30-ы өз ақшасымен кетіп қалды. Тағы 70-тей адам Алматыда жүрміз.

«Алдандық» деп дабыл қаққан 40 турист бүгін қалалық ішкі істер департаментіне шағым түсірді. «Гүлнар тур» фирмасының бас кеңсесінде полицияның тергеу тобы жұмыс істеп жатыр. Тәртіп сақшылары компания қызметкерлерінен түсініктеме алып, айғақтар жинауға көшкен.

Гүлнәр Исаева, Алматы қаласының тұрғыны:

Біз бүгін өз арызымызда компания басшыларын жіті тексеруді сұрадық. Фирманы басқаратын директор мен оның әйелі. Сондықтан олардың сыртқа шығып кетпеуін бақылау қажет. Қаншама адамды зар илетіп қойған оларды алаяқ деп танып, іс қозғау қажет. Біз осы дүйсенбіде ғана 600 мың теңге төлеген едік.

"Компания басшысы алаяқтыққа баруы мүмкін", дейді туристер. Себебі Үкімет 1 шілдеден бастап «Гүлнәр турға» «Джет эйрлайнз» компаниясының рейстеріне билет сатпауды ескерткен. Осыған қарамастан туристік мекеме азаматтарға жолдама мен билеттерді саудалауды тоқтатпапты.

Ирина Самойлова, «Гүлнәр тур» туристік компаниясының заңгері:

Жағдайдың ушығуына «Джет Эйрлайнз» компаниясымен келісімшартты бұзу түрткі болды. Біз туристерге Антальядан Алматыға ұшып келуге жағдай жасай алмадық. Бірақ кеше олардың көбі осы қалаға келді. Енді кешкі рейспен шымкенттіктер қайтады. Сосын Ақтөбе мен Қостанайдың да туристерін қайтаруға қамданамыз.

«Гүлнәр тур» компаниясымен байланысты дау еліміздің барлық аймағында ушығып тұр. Павлодарлық 45 турист ертең Астана арқылы Түркияға ұшуы керек болған. Алайда оларға бүгін билет сатқан фирма рейстің болмайтынын ескертіпті. Демалыс үшін 380 мыңнан 1 млн теңге аралығында қаражат құйған керкуліктер қазір не істерін білмей дал.

Виталина Веселовская, турист:

Біздің атымызға тіркелген нөмірдің бар-жоғын сұрау үшін, Түркиядағы отелдің әкімшілігіне хабарластық. Олар «Гүлнәр тур» агенттігінен ешқандай броньнің болмағанын, яғни ештеңе жоқ екенін айтты. Менеджелердің өзі айтып жатыр, фирманың банкрот болғаны туралы ресми ақпарат жоқ деп. Десе де, сотқа жүгініңіздер дейді.

Ал Түркиядан Қостанайға оралған жолаушылар «Гүлнәр тур» компаниясының өкілдерін таба алмады. Аты шулы мекеменің мұндағы филиалы жөндеу жұмыстарына орай жабылып қалған. Компания заңгерінің мәліметінше, тағы да 200 турист қазір Түркияда демалысын жалғастырып жатыр. Оларды елге алып келу мәселесінің де басы ашық күйінде қалып отыр. 

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ