«Гүлнәр тур» туристік компаниясына қатысты проблемалар әлі аяқталған жоқ. Бүгін
компанияның Алматыдағы кеңсесі сапары кейінге шегерілген наразы туристерге
толды. Олар қаражаттарын қайтарып алудан үмітті. Туристік компаниядан зардап
шеккендерге арналып, ел аумағы бойынша арнайы жедел желі іске қосылды. Ал Алматыдағы әуежайда жедел штаб ашылды.
Жоспарланған
демалысының шырқы бүзылған туристердің шыдамы таусылған. Олардың арасында
туристік компания кеңсесіне келуді әдетке айналдырғандары да бар. Туристердің
бұл тобы Алматыдан Анталияға 29 маусымда ұшуға тиіс болатын. Дегенмен, жауапсыз
тасымалдаушының кесірінен демалыссыз қалғаны былай тұрсын, енді шығынын да
өндіре алмай жүр.
Оразкүл
Хасанова:
Жалпы
демалысымыз үшін 1 млн теңге төледік. Алдымен 860 мың, кейін үш күнге 200 мың
теңге төлеген болатынбыз. Осы 200 мың теңгеге қатысты, біз жеті күнге келісім-шарт жасастық, кейін Ксения атты қызметкер бізге, осы жеті күнге жолдама жоқ,
тек он күнге қалды, сондықтан қосымша үш күнге төлем жасауларыңыз керек, деп
хабарлады. Біз тағы да 200 мың теңге төледік. Бұл дегеніңіз, барып тұрған
алаяқтық қой!
Ал
компания кеңсесінде жиналғандарға бір ауыз түсініктеме беретін адам табылмады.
Компанияның заңгері басшылықтың жоғын айтты.
- Басшылық
жоқ па?
- Жоқ, келмеді, байланысқа шықпай отыр.
Дегенмен,
Түркияда қаңтарылған туристер қазір қалмады. Бұл туралы бүгін Индустрия және
туризм комитеті хабарлады. Соңғы үш тәулік ішінде Алматыға 150 турист оралған.
Марат
Иғалиев, ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Индустрия және
туризм комитетінің төрағасы:
Алматыға
келуі тиіс туристердің бәрі келді. Олардың елге аман-есен оралуын біз жіті қадағалап
отырмыз. Анталиядағы қазақстандық консулдықтың мәліметінше, ол жақта билетсіз
қалғандар жоқ. "Гүлнәр турда" тексеріс болып жатыр, біткен соң
сіздерге ақпарат береміз.
Дәл
қазір Қазақстанның 16 аймағында туристерге арналған жедел анықтамалық қызмет
желісі іске қосылған. Бір ғана Алматы қаласы бойынша бүгін 100-ге жуық қоңырау
түсіпті. Ал Алматының өзінде тіпті, арнайы штаб құрылған.
Жанар
Алшынбаева, Алматы қаласы Туризмді дамыту басқармасының басшысы:
Соңғы
3 тәулік ішінде біз Алматыға келген көп туристерге көмек көрсеттік. Мәселен, Алматыға, Қарағанды, Шымкент, Тараз қалаларынан келген туристерге көмек көрсеттік. Тегін трансфер
ұйымдастырдық. "Сайран" автобекетімен темір жол вокзалына жеткізуді ұсындық. 76
қоңырау қабылданып, барлық туристерге кеңес берілді.
Жедел
желі қызметкерлері туристерге заңдық тұрғыдан да кеңес беріп жатыр. Туристер
жергілікті азаматтық сот арқылы сапары сәтсіз аяқталғаны үшін компаниядан
өтемақы өндіріп ала алатынын айтқан. Заңгерлердің айтуынша, талап арыз беру үшін
екі жақты жасалған келісім-шарт пен қаржылық құжаттарды өткізсе болғаны.
Маржан
СЕРІКҚЫЗЫ