Бостон терактысы үшін айыпты
деп танылып отырған Джохар Царнаев жарылыстан 1 ай бұрын джихад жолында азапты
ажал құшу арманы туралы қазақстандық достары Диас Қыдырбаев пен Азамат Тәжіяқовқа
баяндаған. Бұған қоса Царнаев достарына жарылғыш зат жасай алатыны
туралы айтқан. Бұл туралы федералды прокурор Стефани Сигман Азамат Тәжіяқовтың
ісі бойынша дүйсенбіде басталған сот отырысында мәлімдеді.
Алайда Тәжіяқовтың
адвокаты қорғалушысының лаңкес Джохар Царнаевтың жеке заттары салынған сөмкеге
қолының ұшын да тигізбегенін айтып отыр. Оның айтуынша, айғақтар бар сөмкені
қоқыс жәшігіне лақтырған Диас Қыдырбаев. Адвокаттың сөзінше, Тәжіяқов пен
Қыдырбаев ағайынды Царнаевтардың бөлмесіне жарылыс болғаннан кейін 3 күн өткен
соң кірген. Олар қылмысты артын жасыру үшін емес, марихуана алуға келсе керек.
Кіші Царнаев Қыдырбаевқа: «Егер керек болса, менің бөлмеме кіріп, барын
алыңдар», - деп жазған, деді адвокат.
АҚШ прокурорлары қазақстандық студенттерді
25 жыл бас бостандығынан айыруды сұрап отыр. Алайда отандастарымыздың екеуі де
кінәларын мойындаған жоқ.
Азамат АЛДОҢҒАРОВ