$510.06 €566.32 ₽6.32
×

Павлодар облысының бір топ медициналық мекемесі арнаулы техникаға қол жеткізді

AstanaTV
08.07.2014ж. 20:00
1240
Павлодар облысының бір топ медициналық мекемесі арнаулы техникаға қол жеткізді

Павлодар облысы әкімдігі Астана күні қарсаңында аудандық ауруханалар мен ауылдық дәрігерлік амбулаторияларға тарту жасады. Өңірдің бір топ медициналық мекемесі арнаулы техникаға қол жеткізді. Енді аймақтың тұрғындарына су жаңа 30 реанимобиль мен 10 жедел жәрдем көлігі қызмет көрсетеді.

Жаңа көліктердің кілтін бас дәрігерлерге аймақ басшысы Қанат Бозымбаев тапсырды. Ол «бұл игіліктің шалғай елді мекендердегі медицина қызметі сапасын арттыруға оң әсерін тигізетіндігін» атап өтті. Бұл жерде науқастарға жедел жету, дер кезінде ем-дом көрсету, адамның өмірін сақтап қалу - басты міндет», - деді облыс әкімі.

Айта кету керек, жаңа көліктер түрлі заманауи аппараттармен жарақталған. Мәселен, өкпені жасанды тыныс алдыратын қондырғы талай жанға ем екені анық. Ал жүрек соғысын қалпына келтіретін қондырғы кез келген шұғыл жағдайда мамандар үшін таптырмас құрал болып табылады. Сондай-ақ, көліктер GPS навигаторымен қамтылған. Осылайша дәрігерлер діттеген жерді жылдам табуға мүмкіндік алып отыр.  Жалпы 40 арнаулы техникаға облыстық бюджет 200 млн теңге жұмсаған.

Зауре Айдарханова, Павлодар облысы Лебяжі аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері:

Лебяжі ауданы республикалық автотрассада орналасқан. Жол апаты болатын жағдайлар көп болады. Сондықтан бұл реанимобильдердің артықшылығы - олар толық құрал-жабдықтармен жабдықталған. Соның ішінде бірінші көмек көрсетуге барлық құралдар бар.

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ