$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Нұрсұлтан Назарбаев Минск кездесуін қорытындылады

AstanaTV
27.08.2014ж. 20:00
1469
Нұрсұлтан Назарбаев Минск кездесуін қорытындылады

Минскідегі кездесу қорытындысы бойынша қол жеткен уағдаластықтар Украинадағы ахуалды жақсартуға оң ықпалын тигізеді. Нұрсұлтан Назарбаев пен Александр Лукашенко екеуара әңгімеде осындай сенім білдірді. Енді Украинаның шығысында жарты жылдан бері жүріп жатқан ұрысты тоқтатуға бағытталған "жол картасы" жасақталады. Қақтығыстан зардап шеккендерге гуманитарлық көмек көрсетуге жол ашылуы мүмкін. Әрі көп ұзамай Еуропалық одақ пен Кеден одағына орай Украинаның позициясы да айқындалуы ықтимал. Минск кездесуінен кейінгі бағалар мен болжамдар туралы Мөлдір Бақытқызы.

Минскте түс ауа басталған басқосудан Қазақстан Президенті түн ортасы ауғанда бір-ақ шығып, отандық баспасөз өкілдеріне сұхбат берді. Әлбетте бұл Украинада жарты жыл жүріп жатқан қантөгістен кейін тараптардың тұңғыш  жүздесуі. Бастама көтерген Қазақстан Президенті. Кеден одағы елдері лидерлері, Еуропалық одақ өкілдері және Украина басшылары алдында Назарбаев бірден Украинада соғысқан тараптар бітімге келіп, қирап қалған қос облысқа шұғыл гуманитарлық көмек көрсетілуі қажеттігін атады. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Донецкі мен Луганскінің қазіргі жиналыста біз білгенге байланысты айтатын болсақ, Луганскідегі барлық қысқа керекті жылу шығаратын орталықтары барлығы қирады, құбырлары қирады, ғимараттары барлығы қирады. Халықтың жағдайы өте мүшкіл. Ең адамға керек тауарлардың барлығы  жоқ. Донецкіде де солай. Сондықтан соғысты уақытша тоқтатып, гуманитарлық көмек көрсету. Оған тек Ресей ғана емес, басқа елдерге де көмек көрсетуге болады. 

Президент Назарбаев Қазақстан бұл істе делдал болуға дайын екенін, Украинаға гуманитарлық көмекті Халықаралық Қызыл жарты ай ұйымының қазақстандық желісі арқылы іске асыруға болатынын жеткізді. Ал Ресей басшысы Владимир Путин саяси ахуалдан бұрын экономикалық түйткілердің басын ашып алуға асықты. Мәселен, Еуропалық одақ пен Украина арасындағы еркін сауда саттықтан бір ғана Ресей нарығы 100 млрд рубль жоғалтады. Осы ретте Путин нарықты қорғау үшін, қол қусырып қарап отырмайтынын кесіп айтты.

Украина - не Кеден одағын, не Еуропалық одақты таңдауды тиіс. Әйтпесе Украина Кеден одағы елдерімен өнеркәсіп, қаржы, ауыл-шаруашылығы және көлік саласында қарым-қатынасты үзуі ықтимал екенін жеткізді.

Владимир Путин, Ресей Федерациясы президенті:

Украина аумағы арқылы Еуропа тауары өтеді. Осыған қатысты күдігіміз бен қауіп барын мен бұған дейін де айтқанмын. Қазір Петр Алексеевич сөз алғанда, барлығын айтып берер. Оның менімен келіспей отырғанын көріп отырмын. Бізде қазірдің өзінде Кеден одағы елдері арасында Ресей территориясына кіргізуге тыйым салынған Еуропалық одақ елдерінен келген тауарлар бар. Өкінішке орай, олар Белоруссиядан келетін тауарлар.

Басқосу нәтижесінде дәл осы сұрақтарды пысықтайтын жұмыс тобы құрылатын болды. Оған 12 қыркүйекке дейін Кеден одағы тарапынан ұсыныстар әзірленбек. "Ол ескерілмесе, үштік аумағына Украина тауарын импорттауға тыйым салуға мәжбүр боламыз",- деп Путин тағы сес көрсетті. Жарты жылдан астам бірін біріне қырын қарап, қырғи-қабақ танытқан бауырлас ел басшыларын Минск мәмлеге келтіре алды ма?  Украина басшысы Петр Порошенко Путинмен өткен екі сағаттық бетпе-бет жүздесу "күрделі әрі өте қиын" өтті деп бағалады. Ал Путин керісінше "позитивті" кездесу деп кесті.

Бастысы Украинаның шығысында жүріп жатқан қырғын соғысты тоқтату үшін "жол картасы" құрылатын болды. Әрі энергетика, оның ішінде газ тасымалына қатысты диалог жалғасады. Қалай дегенмен де, арадағы тоң жібіп, ахуалды бұдан бетер ушықтырмауға қадам жасалғаны анық. 

Мөлдір БАҚЫТ-ҚЫЗЫ