Тәжіяқов пен Қадырбаев Царнаевтың
дорбасында пиротехника бар екенін білген. Және оны лақтырып тастамақ болған. "Федералды тергеу бюросының агенті Сара Вуд осыны мәлімдеді", - деп жазады
ИТАР-ТАСС.
Сара Вуд Бостондағы жарылысқа қатыстылығы үшін айыпталған
қазақстандық студент Азамат Тәжіяқовтың ісі қаралып жатқан сотта куәгер ретінде
сұралды. Агенттің айтуынша, Тәжіяқов әу баста дорбада не барын білмейтінін
айтқан. Алайда кейіннен шындықты мойындаған. Бостондағы марафон кезінде
ағайынды Царнаевтар іске қосқан жарылғыш заттың құрамында отшашуда қолданылатын
элементтердің бар екені де дәлелін тапты. Бұл туралы прокуратура мәлімет
таратуда.
Еске салайық, өткен жылдың сәуірінде АҚШ-тың Бостон қаласында жойқын
жарылыстан үш адам көз жұмды, жүз елуден астамы жараланды. Қаза тапқандардың
арасында 8 жасар бала да бар. Әйгілі «Бостон марафоны» өтіп жатқан мезетте екі
бірдей бомба іске қосылған. Ел президенті Барак Обама оқиғаны лаңкестердің
ұйымдастырған шабуылы деп атады.
Базаргүл ОТЫНШИЕВА