$526.81 €542.72 ₽5.16
×

Павлодарда автокөлік жолдарының сапасы туралы атлас жасалады

AstanaTV
09.07.2014ж. 20:00
1828
Павлодарда автокөлік жолдарының сапасы туралы атлас жасалады

Жол жөндеу ісін түбірімен өзгерту қажет. Павлодарда облыс басшысы республикалық маңызы бар тас жолдарды қалыпқа келтірудің жаңа жобасын әзірлеуді тапсырды. Бюджеттен құйылатын қаржыны тиімді пайдалану мақсатында "Жол атласы" дайындалады.

Қанат Бозымбаев осылайша аймақішілік бағыттардың жағдайын жан-жақты таразылап алуға мүмкіндік туатындығын жеткізді. "Жалпы, көктемгі-күзгі өңдеу шараларына ғалымдарды да тартқан жөн", - деді облыс әкімі. Сөйтіп, Қазақстан жолдары ғылыми-зерттеу институты мамандарының жасаған сараптамасы негізінде жергілікті билік шығын көлемін есептейді.

Нәтижесінде жыл сайын оңды-солды ысырап болатын қаражат үнемделмек. «Павлодарға келуші туристер көп. Бірақ біз қонақтарды шұрық тесік жолдармен қарсы аламыз. Мұнымыз дұрыс емес», - деді облыс әкімі. Биыл аймақтың 283 шақырым жолына жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда, бір жарым есеге артық. Жолдарды қалыпқа келтіру науқанына қазынадан 5,4 млрд теңге бөлініпті.

Қанат Бозымбаев, Павлодар облысының әкімі:

Тек бір жылдың ішінде автокөлік саны бізде 11 мыңға артты. Әрбір төртінші тұрғынға автокөлік бірлігінен келіп отыр. Біздің басты міндетіміз - бұл автомобиль жолдарының сапасын жақсарту арқылы жол қауіпсіздігін, экономикалық нәтижесін арттыру болып табылады.

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ