Қазір суға түсу маусымы қызған шақ.
Осыған орай, Қызылорда облысы құтқарушылары күшейтілген тәртіпке көшіп,
үздіксіз кезекшілікке шықты. Ресми сандарға сенсек, маусым басталғалы аймақта
13 адам суға кеткен. Оның 4-уі бала. Әріптесім Шарипа Сақтапова құтқарушылармен
бірге күндізгі рейдке барып қайтқан еді.
Қауіпсіздікті сақтаңдар! Кез келген
жерге суға түспеңіздер.
Сырдария жағалауына тиіп тұрған
базардан таратылып жатқан хабарламаға құлақ асар жан жоқ. Ауа температурасы
болса неше күн болды қырықтан асып тұр. Ресми ашылған жалғыз жағажай 310 мыңнан
астам халқы бар шаһарға жеткіліксіз. Сондықтан, көпшілік өзіне қолайлы жағалауға
келіп шомылып жүр.
Осы жер ынғайлы болған соң түсіп
жатырмыз. Пляжға түсу керек негізі. Қалада бір-ақ пляж, көбейту керек пляжды.
Ал мұндай заңсыз жағажай саны нақты
қаншаға жеткенін құтқарушылар дөп басып айта алмайды. "Тіпті рұқсат етілмеген
жерде суға түсіп жатқандарды жауапқа тартуға құқымыз жоқ", - дейді. Ол - судағы
полицияның құзырында. Өкінішке орай, облыста ондай бөлімше атымен жоқ.
Құтқарушылардың өзі облыс бойынша жеткіліксіз. Аймақта 2 құтқару станциясы мен
33 құтқарушы бар. Ал Қармақшы, Сырдария, Жалағаш және Шиелі аудандары
тұрғындары өзен-көлдерде шомылуды мүлдем ұмытқаны жөн болар.
Арыстан Алмашев, Қызылорда облысы
бойынша «Судан құтқару қызметі» ММ басшысы:
Бұл төрт ауданда құтқарушылар жоқ.
Қазір шешіліп жатыр, жергілікті атқарушы органдармен. Жұмыспен камту
орталықтары арқылы жергілікті тұрғындар қатарынан адам жинап, оларды дайындап,
құтқарушылар жасақтарын жасаймыз деген.
Ал мынау Қалғандария ауылын қаламен
Сырдария өзені үстімен байланыстыратын аймаққа әйгілі көлік. Ауылдағы 35
отбасын өзен орталықтан бөліп жатыр. Сырдария олар үшін өмірлік маңызы бар
жалғыз жол. Шамамен 10 шақты қайық екі арада жолаушыларды тасымалдайды.
Дәрияш Жидебаева:
Көпір жоқ, отырмыз, қайықпен
өтеміз, қыста мұздың үстімен өтеміз. Толқында өте алмаймыз, жел, дауыл
болғанда.
Ауыл мен қала арасында қатынап жүрген
бұл қайықтар да автокөліктер секілді талапқа сай болуы шарт. Заң ережелерінің
орындалуын тексеру үшін келген арнайы маманға қайық иелері қуана қоймады.
Есесіне барлығы бірден су айдынынан тайып тұрды. Ал жолаушылар болса, наразылығын жаудырды.
Көп уақыт өтпей мамандар кішкене
аралға жасырынған қайықтарды тауып алды. Табылған 6 қайық техникалық талаптарға
сай болмай шықты.
Айжан Қожаниязова, Қызылорда облысы
бойынша көліктік бақылау инспекциясының бас маманы:
Жылына бір рет өтетін техникалық
қадағалауды өтпеген. Шағын кемелерде болуы міндетті құтқару жилеттері жоқ.
Қайықтын екі жағынан болатын кеме номерінің жоқтығы, я болмаса, бір жағынан ғана
орналасқан.
Демек, қайықтардың басым бөлігі адам
тасуға жарамайды, олар қауіпті. Енді оларға әртүрлі мөлшерде айыппұл салынады.
Дегенмен, аймақтың негізгі мәселесі шомылуға қауіпсіз жағажайлар ашу. Бұл
мәселені құтқарушылар жиындарда бірнеше рет көтергендерін айтады. Демалыс
орнына лайық жағалаулар да жеткілікті деп отыр. Тек жергілікті биліктің
қолдауына зәру.
Шарипа САҚТАПОВА