Ақтау полицейлері бүгін таңсәріде қалың ұйқыда жатқан қала тұрғындарын
арнайы дабылмен оятты. Тәртіп сақшылары шырт ұйқыда жатқан көпқабатты үйлердің
тұрғындарынан көліктерін басқа орынға қоюды талап еткен.
Әліптің артын бақсақ, Астанадағы шенеуніктің бірі аймаққа сапармен келген.
Жергілікті атқамінерлер дайындықты таң атпастан бастап кетіпті. Бұл көпқабатты
үйлер теңізге барар жол бойына орналасқан. Тұрғындардың айтуынша, жоғарыдан
келетін лауазымды шенеуніктер осы көше арқылы мәртебелі қонақтар резиденциясына
өтеді.
Дегенмен, қарапайым халық биліктің бұл әрекетіне реніштерін жасыра
алмады. Олар әлеуметтік желілер арқылы өз уәждерін білдірген. Тіпті алдын ала
ескерту жасаса да болар дейді. Айта кетейік, таңғы дабылды теңізден алшақ
тұратын өзге ықшам аудан тұрғындары да естіпті.
Қалдымұрат Айғарақов, Ақтау қаласы жол-патрульдік қызметі бастығының
міндетін атқарушы:
Маңғыстау облысына күзетпен қорғалатын жоғары лауазымды тұлғалардың келуіне
орай, 9-10 шілде аралығында тиісті жұмыстар жүргізілді. Жол полициясы
қызметкерлері сол тұлғалар жүретін жол бойындағы көліктерді алып тастады. Қазір
тергеу амалдары жүріп жатыр. Егер ол қызметкерлердің кінәсі дәлелденсе, қатаң
әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ