$513.74 €569.17 ₽6.33
×

Кәсіпкер "Астана су арнасы" мекемесіне қатысты шағымданды

AstanaTV
10.07.2014ж. 20:00
1554
Кәсіпкер "Астана су арнасы" мекемесіне қатысты шағымданды

Су есептегішінен үзілген пломбаның соңы кәсіпкер мен "Астана су арнасы" коммуналдық кәсіпорнының арасында 2 жылға созылған дауға ұласты. Кәсіпкер монополистер сырттай біржақты сот шешімін шығарып, өзіне 25 жыл бойы тұтынатын су ақысына тең айыппұл салынғанын айтады. Қомақты айыпты өтеуге Альмира Қабышеваның қаражаты жоқ. Ұзаққа созылған сот ауыртпашылықтары мен бітпес коммуналдық даудан шаршаған кәсіпкер саудасын тоқтатып тыныпты. Кәсіп жоқ, есесіне 254 мың теңге берешек әлі мойнында. Іскердің басына түскен жағдайды тілшіміз Азамат Алдоңғаров талдады.

5 жыл балалар киімін сатып, несиесін жауып, нәпақа тапқан Альмира Қабышеваның бизнесі бәсекелестікке емес, коммуналдық тартысқа шыдай алмады. Девальвацияның кесірінен тауарының құны өсіп тұтынушыларының қатары сирегеніне қоса, "Астана су арнасы" кәсіпорнымен бірнеше жылға созылған сот тартысы кәсіпкерге дүкенін сатудан басқа амал қалдырмапты. Дау коммуналдық кәсіпорынның арнайы мөрі бар пломбасының үзілуінен басталған.

Альмира Қабышева, кәсіпкер:

Пломбаға меншік иесі ретінде мен қол тигізе аламын, су арнасының тексеріс жүргізуге құқы бар болатын және коммуналдық кооператив қызметкерлері байқаусызда үзіп алуы мүмкін. Бірақ мен де, кооператив қызметкерлері де ол пломбаны үзу үшін су арнасының арнайы рұқсаты керектігін, және оның соңы айыппұлдарға алып келетінін тамаша білеміз. Мен ай сайын суға үзбей 500, ең көп дегенде 800 теңге төлеп отырмын. Не үшін мен ол белгіні үзіп, кәсібіме кедергі жасайды екенмін?

Су арнасының өткізген кезекті тексерісі есептегіште пломбаның жоқтығын анықтайды, осылайша санай келе 30 шаршы метрді құрайтын дүкенде жұмыс істеген жалғыз дүкенші 21 күн ішінде 250 мыңның суын тұтынған.  Ал ең қызығы, егер де мекемеде есептегіш болмаса, тұтынған судың көлемі жан басына шағылып, 21 күн ішінде жалғыз дүкенші 1200 теңгеден асар-аспас сома төлер еді. Еліміздің Кәсіпкерлер ұлттық палатасынан келген заңгер де Альмира Қабышеваға қатысты қалалық коммуналдық қызмет тарапынан заңсыздық орын алғандығын айтады.

Нұржан Букин, заңгер:

Қабышеваға қатысты сырттай сот шешімін шығару кезінде бірқатар заңсыздықтар орын алғаны анықталып отыр. Пломбаның үзілуіне қарастырылған айып 254 мың теңге, кәсіпкердің суға ай сайын 500-600 теңге төлегенін ескерсек, бұл қаражат 25 жыл бойы тұтынған судың құнына тең. Ақылға сыйымсыз ғой бұл. Сот сүйеніп отырған жалғыз құжаты - су арнасының жүргізген тексеріс актісі. Ол актіге меншік иесінің қолы қойылмаған, қарапайым дүкеншінің құжатқа қол қоюына ешқандай заңды құқы жоқ.

Кәсіпкерлер палатасының су арнасына қатысты жүргізген тексерістері коммуналдық кәсіпорынның барлық сот шешімдері бір үлігімен шығарылып отырғанын анықтаған.

Нұржан Букин, заңгер:

Біз анықтамадан тапқан су арнасының барлық сот шешімдері бір қалыпты болып шықты, тек қаражат көлемі мен сотқа қатысушылардың аты-жөндері өзгертіліп отырған. Аталмыш сот шешімін біз толық зерттедік, шешімге қарсы шағым тастадық. 

Альмира Қабышева, кәсіпкер:

Сотта мен бұл пломбаны жұлу маған тиімсіз екенін айттым, хат ретінде су арнасының басшысына да жаздым. Керісінше, олардың өздеріне өте тиімді. 

Алайда "Астана су арнасының" бұл дауға қатысты өз шындығы бар. Заң біздің жағымызда деген кәсіпорын бір беткей. "Сот шешімі бар, кәсіпкер айыппұлын төлесін", - дейді. Су есептегішінен пломбаны кім жұлуы мүмкін деген сауалға да коммуналдық кәсіпорын бір ауыздан тұтынушы кәсіпкер Қабышеваның өзін айыптап отыр.

Әлібек Хайруллин, "Астана су арнасы" МКК баспасөз хатшысы:

Шағымның барлығы сот шешімі шыққаннан кейін түсіп отыр. Біз сот шешімі шыққаннан кейін ешқандай шаралар қолдана алмаймыз. Төлеу керек. Өйткені заң күшіне еңген соң, оны міндетті түрде орындау керек.

Альмира Қабышева кәсіпкерлер палатасымен бірігіп, мәселені соңына дейін жеткізуге бел буды. Кәсіпкерлер палатасы маманының сөзінше, соңғы кездері су монополисінің қызметіне қатысты азаматтардың шағымдары да көбейген. Коммуналдық кәсіпорын заңға сүйеніп, кәсіпкер қалай болғанда да, айыппұл төлейді десе, бұдан бұрын қомақты айып көлемін шегеруді өтініп, жеңілдік сұраған кәсіпкер: "Енді бір тиын да төлемеймін",- дейді. Альмира Қабышева соңғы сот шешіміне шағым түсірді. Бірақ әзірге жауап жоқ.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ