$510.06 €566.32 ₽6.32
×

Аралды құтқару туралы меморандумға қол қойылды

AstanaTV
10.07.2014ж. 20:00
1730
Аралды құтқару туралы меморандумға қол қойылды

Алдағы 5 жылда Арал балығының аты қайта шығады. Теңіздегі балық түрлерінің саны артпақ. Сондай-ақ, Сырдария төңірегіндегі көлдердің де жағдайы жақсарады. Бұл жұмыстар "Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Солтүстік Арал теңізін сақтау" жобасының екінші кезеңі аясында іске аспақ. Жобаны Дүниежүзілік банк қаржыландыруға дайын. Бүгін халықаралық банктің Орта Азия елдері бойынша өңірлік директоры Сародж Кумар Джа мен Қоршаған орта және су ресурстары вице-министрі Ерлан Нысанбаев арнайы меморандумға қол қойды.

Айта кетейік, Кіші Аралды қорғау бойынша 2006-2008 жылдары атқарылған маңызды жобаның бірінші кезеңін де Дүниежүзілік банк қаржыландырған болатын. Алғашқы жоба 65,5 миллион АҚШ долларына түсті. Ал жобаның екінші кезеңі 5 жылға жоспарланып отыр, оған 22,2 миллиард теңге қажет. 

Сародж Кумар Джа, Дүниежүзілік банктің Орта Азия елдері бойынша өңірлік директоры:

Біз бүгін Қоршаған орта және су ресурстары вице-министрінің, Қызылорда облысы әкімінің қатысуымен жобаның екінші кезеңіне грант бөлу мәселесі бойынша келісім жүргіздік. 2015 жылға қарай осы екінші кезеңді іске асыру жұмыстары басталып кетеді деп сенеміз.

Ерлан Нысанбаев, ҚР Қоршаған орта және су ресурстары вице-министрі:

Алдағы уақытта осы жылдың аяғына дейін біз сол келісімшартқа қол қойып, онда келесі жылдан бастап проектінің екінші фазасын нақты іске асыру жұмыстары басталады деген үміттеміз.

Өткен ғасырдың аяғында Арал теңізі Арал қаласынан 74 шақырымға алшықтап кеткен болатын. «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Солтүстік Арал теңізін сақтау» жобасының бірінші кезеңі бойынша атқарылған жұмыстар арқасында, ара қашықтық 17 шақырымға дейін қысқарды.

Кеуіп бара жатқан Кіші Арал теңізінде бір кездері тек камбала балығы болса, қазір балықтың 20-дан астам түрі мекендейді. Экологтардың айтуынша, теңіз суындағы тұздың мөлшері азайып, жергілікті халықтың денсаулығы мен экологиялық ахуал жақсара түскен. 

Шарипа САҚТАПОВА