Петропавлдағы "Орман" шағын ауданы 7 жылдан бері өркениеттен жұрдай. 2007 жылы ресми түрде құрылған ауданда әлі күнге дейін су да, жылу да, тіпті жарық
та жоқ. Осыдан тура бір жыл бұрын аймақтағы әріптестерім қалада тұрып, бірақ
коммуналды қызметке жарымай отырған тұрғындардың тіршілігі туралы баяндаған.
Алайда жағдай күні бүгінге дейін еш өзгермепті. Шыдамы таусылған аудан халқы
біздің редакциямызға қайта хабарласты.
Қызылжар қаласының элиталы аймағы болып саналатын "Орман" ықшам
ауданының жұрты әлі де кәдімгідей орманда тұрып жатқандай. Бұнда тұрғындар саны
жылдан жылға кеміп келеді. Себебі әдемі үйлер салынғанымен, коммуналдық
қызметтерге қосылу мүмкіндігі әлі де жоқ.
7 жылдан бері шешілмей келе жатқан жарық мәселесі ормандықтардың арқасына
әбден батты. Өркениеттен ада болып отырған жұрт талай табалдырықты
тоздырғанымен, жағдай өзгерер емес. Бұқара енді биылғы қысты да жарықсыз
өткіземіз бе деп алаңдауда.
Айман Сәрсекеева:
Өтінішіміз - бізге жарық берсе. Басқа мәселелерді өзіміз-ақ шешеміз.
Таяуда біреулер келіп трансформаторды жөндеген сияқты еді. Соның нәтижесін
әкімдіктен білейін деп, арнайы хат жаздым. Бірақ олар маған тоқ көзін қосуға
рұқсат беретін құзырлы мекемелердің тізімін жазып беріпті. Ал нақты тоқтың
қашан болатынын көрсетпеген. Жарықты қашан беретіндерін айтпай ма?! Осылай
қашанғы отыра береміз енді?!
"Орман" шағын ауданында ашылған жылы 50 отбасы тұратын, қазір 30-ға жуық
түтін қалған. Көпшілігі арнайы тоқ өндіретін жанармай генераторларымен жан
бағып отыр.
Это наш генератор по имени «Света». Так мы ее зовем в быту. «Света», дай нам
свету. Кнопочку вверх. Заслоночку на себя - и заводится.
Александр Иванов:
Аптасына 92 маркалы бензиннің 20 литрі кетеді. Тек таңертен және кешке ғана
қосамыз. Әрі кетсе 1-1,5 сағатқа. Азанда киімдерді үтектеу үшін, ал кешке
жаңалықтарды қараймыз.
Тұрғындар күннің ыстығында тамақ сақтау қиын екенін айтады. Ішер астың жиі
бұзылатынына назалы. Тоңазытқыш бар болғанымен, пайдалана алмайтындарына
ашынады.
Только можем
купить вот молоко единственное. Вот майонез тоже через пару дней придется
выкидывать.
Жергілікті билік жағдайға қанық. Олар бірнеше жылдан бері тұралап қалған
аудандағы коммуналдық желілерді қалпына келтіруге биыл жергілікті қазынадан 6
млн теңге бөлінгенін айтты. Таяуда ғана мердігер компания жұмысын аяқтаған. Қазір
қалалық әкімдік арнайы тексерістің шешімін күтіп отыр деді.
Марат Мұқашев, «Петропавл қаласының құрылыс бөлімі» ММ сектор меңгерушісі:
Егер де экспертиза трансформаторлар мен сымдардың, су және жылу жүйелерінің
жағдайын қалыпты деп тапса, онда тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімі бұл
желілерді тиісті мекемелерге тапсырады. Кейін тұрғындар коммуналдық қызметтерді
су немесе жарықты тарататын мекемелерге қосып ала алады.
Жергілікті атқамінелер ормандықтарды қыркүйек айына дейін жарықпен қамтуды
жоспарлапты. Алайда аудан халқы жарық пен суға бірден қарық болатындарына
сенімсіз. "Себебі әкімдіктен рұқсат болған күннің өзінде, желілерді тарату
компаниялары жарық пен суды бірден қосып беретініне ешкім кепіл бола алмайды", - дейді.
Абзал ҚҰРМАНКИН