Спорт Қазақстан
$441.58 €480 ₽4.86
×

Елордадағы Тәуелсіздік сарайында ашылған «Адамдар» атты көрмесі кәріс ұлты өкілдеріне арналған

AstanaTV
11.07.2014ж. 20:00
2245
Елордадағы Тәуелсіздік сарайында ашылған «Адамдар» атты көрмесі кәріс ұлты өкілдеріне арналған

Елордадағы Тәуелсіздік сарайында ашылған «Адамдар» атты заманауи көркемөнер көрмесі Орталық Азия мен Корей түбегінде өмір сүретін кәріс ұлты өкілдеріне арналған. Қазақстан мен Өзбекстандағы кәрістердің қатысуымен өтіп жатқан шараны Астанадағы Корей мәдени орталығы ұйымдастырды. Суретшілер қолынан шыққан дүниелер адам жанына жақындығымен таңқалдырады. Көрмеге қойылған туындылар адамдар арасындағы байланыстың уақыт пен кеңістікке бағынбайтынын кезекті рет дәлелдеп тұрғандай.

Корей мәдени орталығының басшысы Мён-Чже Ви келушілерді қарсы алып жүр. Орта Азия мен Оңтүстік Корея суретшілерінің жұмыстары жайлы өзі әңгімелеп беруге бел буған. «Адамдар» көрмесі Корея мен Қазақстан арасындағы мәдени байланысты нығайтуға бағытталған дейді. Сондай-ақ, көрме 77 жыл бұрын Орталық Азияға жер аударылған кәріс халқы өкілдері мен тағдырлары тоғысқан корей түбегінде тұратын кәрістердің өмірі мен тарихын зерттеуге арналған.

Мён-Чже Ви, Корей мәдени орталығының директоры:

Орта Азияда тұратын корейлер ежелгі ұлттық дәстүрлерді жақсы сақтаған. Ал Оңтүстік Корея халқының өмір салты Еуропа мен Американың мәдениетімен араласып кеткен.

Сарайдағы кең залға шамамен 50-ге жуық туынды қойылған. Көрме үш бөлімнен тұрады. Бірінші және екінші бөлімдерде корей түбегі тұрғындары мен жер аударылған кәріс халқының тағдырында өшпестей із қалдырған тарихи оқиғалар бейнеленген шығармалар бар. Үшінші бөлім адамдар арасындағы байланыстың уақыт пен кеңістікті жеңетінін көрсеткісі келгендей. Адамның есінде ұзақ сақталатын дүниелер де осы бөлімде орын тепкен. Оларды жасауға тек күріш қағазы мен бояу ғана қолданылған.

Галина Оваляшко, өнертанушы:

Каллиграфиялық кескіндемелер ежелгі шығыс мәдениетінен хабар беріп тұр. Ал екінші жағынан алып қарасақ, бұл иероглиф те, каллиграфия да емес. Айқын бейнеленген сюжеттік желі дер едім.

Бұл - бағасы жөнінен қымбат болмағанымен, көп қырлы, әрі тың айшықты дүниелер. Динамика мен эмоция бірден байқалады. Шырайлы шығыстың жұмбақ әрі тылсым тұстары назарды еріксіз өзіне аударып, көз тартады. Көрме өз жұмысын бір аптадан соң аяқтайды.

Базаргүл ОТЫНШИЕВА

 

Алдыңғы жаңалық