$532.74 €617.23 ₽6.77
×

Түркия парламентшілері түрік-ресей шиеленісі оңтайлы шешіледі деген үмітте

AstanaTV
03.12.2015ж. 20:00
1768
Түркия парламентшілері түрік-ресей шиеленісі оңтайлы шешіледі деген үмітте

«Ресейдің Түркияға қарсы қолданып жатқан санкциялары дұрыс әрекет емес». Түркия Ұлы ұлттық мәжілісі төрағасының орынбасары Ахмет Айдын журналистерге осылай деді.

Дегенмен түрік елі Ресеймен келіссөздер жүргізуге дайын. «Ресей - біз үшін дос мемлекет. Сондықтан шиеленісті ушықтырмай, диалог құруға дайынбыз», - деп атап өтті Түркияның вице-спикері.

Ахмет Айдын, Түркия Республикасы Ұлы ұлттық мәжілісі төрағасының орынбасары:

Ресей тарапынан қолданылып жатқан санкциялар - дұрыс әрекет емес. Біз екі жақты диалог құруды қолдаймыз. Болған жағдайға Түркия өз егемендігін, өз әуе кеңістігін қорғады деген тұрғыда ғана қарау керек. Сондықтан шиеленісті өршітіп, халықаралық проблемаға айналдырмау керек.

Ал Тюрксой басшылығы Ресейдің аталмыш ұйыммен қарым-қатынасын шорт кесіп, барлық әріптестікті тоқтатқанын жаңалықтардан естіген. Бұл туралы ұйымның бас хатшысы Дүйсен Қасеинов айтты. Яғни Ресей халықаралық ұйыммен байланысты үзгенін ресми түрде хабарламаған. Бар шаруаның орта жолда тоқтайтынын Тюрксой күтпеген тәрізді. Ресеймен әріптестікті ұзарту туралы меморандумның да қабылданып қойғанын айтады.

Дүйсен Қасеинов, Тюрксой ұйымының бас хатшысы:

Үкіметтің қаулысы шықты. Путиннің жарлығынан кейін. Не жарлықта, не Үкіметтің қаулысында халықаралық ұйымнан шығу деген ешқандай мәлімет жоқ. Сондықтан қазір біз ақылдасып, өздерінен жауап күтеміз ресми түрде. Ресми түрде жауап болмағасын, біз кіммен қарым-қатынас жасаймыз.

Айгүл ӘДЕПБАЙ