"Гүлнәр тур" компаниясының шет елдік серіктестері алдында миллион
долларға жуық қарызы қордаланған. Ал компания қожайыны ұшты-күйлі жоқ. Туристік
оператор заңгерінің айтуынша, "директор Әли Ысмайлов бәрімен байланысты
үзген".
Бүгін Алматыда прокуратура аты шулы компания үстінен қылмыстық іс
қозғады. Он жеті жыл бойы еліміздің туризм нарығында кіршіксіз жұмыс істеген
компания қызметі неліктен тығырыққа тірелді? Мөлдір Бақыт-қызы тарқатады.
96-жылдан бері нарықта "ойып тұрып орын алған" "Гүлнәр турды" түлен түртті ме? Бұл компанияның ресми сайты. Бес жыл қатарынан
Алматының үздік туроператоры болса, үш мәрте "Еліміздің №1-туроператоры" атағын иеленген. 2011 жылы Қысқы Азия ойындарының ресми
турагенті болған. Он жеті жыл жинаған абырой қалайша бір жазда "айрандай
төгілді"? Компанияға туристерді тасымалдау үшін ұшақ жалға берген
"Джэт Эйрлайнс" та осы беделіне бола бір айға қарызға 10 млн теңгеге
келісім-шарт жасасқан. Ақыры опық жеп қалдық деп өкініп отыр. Өйткені өздері
де ұшақты өзгеден жалға алатын делдал компания.
Абдулатип Исаев, "JET AIRLINES" компаниясының директоры:
Біз осы жағдайдан кейін ол компанияның шет елдегі серіктестерін іздеп,
хабарласып көрдік. Түркиялық компанияға млн доллар көлемінде қарыз екен. Олар
да қазір қызмет көрсетуді тоқтатқан.
Демек, "Гүлнәр турдың" бизнесі соңғы жылдары қарыз есебінен
"қарыштаған" деп болжауға болады. Анығын компания қожайыны Әли
Ысмайлов біледі. Бірақ оның өзі ізім-ғайым жоқ.
Ирина Самойлова, «Гүлнәр тур» туристік компаниясының заңгері:
Біздің басты проблемамыз - бастығымыз жоғалып кетті. Өзіміз де түк
түсінбей қалдық. Оның қайда екені, қанша қарыз екенін білмейміз. Қазіргі
уақытта қызметкерлер жаппай сот арқылы келісім-шартты бұзып, жұмыстан шығару
туралы өтініш жазып жатыр. Оның ішінде мен де бармын.
Шынымен бірнеше күннен бері Әли Ысмайловтың телефоны өшірулі.
Демек, еліміздің он бес қаласында және Бішкекте жұмыс істеп келген компания
кеңселері бос қалады деген сөз. Әу баста проблеманың шеті шыққанда туроператор
құзырлы агенттікке 1800 адамды елге жеткізу керектігін айтқан. Бүгін Түркияда
қаңтарылған соңғы легі - 100 адам Қарағандыға табан тірейді. Бұған дейін 400 адам
жеткізілген. Тағы 100 адам өз қалтасынан қаржы шығарып елге ұшып келіпті. Енді жолдама сатып алып, демалысын асыға күтіп отырғандардың мәселесін шешу қалды.
Марат Иғалиев, ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі Туризм
индустриясы комитетінің төрағасы:
Қазір "Гүлнәр турдың" басшыларынан біз ақпарат күтіп отырмыз. Неше
туристке олар пакеттер сатты? Қандай аймақтардан барған? Өкінішке орай, олар
ондай ақпаратты бермей тұр.
Ал бәсекелестер биыл бұрқ еткен
проблема жылдар бойы жасырып келген жайт, дейді. Туристер төбеден жай түскендей
болмас үшін, турагенттік тірлігін әбден тергеп- тексеру қажеттігін алға
тартады. Және арзан жолдамаға арбалмауға кеңес береді. Бірақ аты дардай
"Гүлнәр тур" бір күнде тақырға отырады деп ешкім де ойламаса керек.
Сондықтан, сала маманы туристік компаниялардың қорындағы қаражатты, тағы басқа
тәуекелдерді заңмен реттеу тетігін қарастыру қажет, деп есептейді. Әйтпесе, қазір
бір күндік компания құрып, жұрттың жиған-тергенін жиып алып, тайып тұру -
оп-оңай, дейді.
Татьяна Вертей, туристік компания бас директорының орынбасары:
Нужно более жестко регулировать законодательством, чтобы были защищены и турагенты, туроператоры и туристы.
Иә, туризим нарығының 30 пайызын уысында ұстаған алпауыт компанияға қатысты
бүгін Алматы прокуратурасы қылмыстық іс қозғады. Әзірге келтірілген шығын 6
миллион теңгеге бағаланып отыр. Компанияның құрдымға кету себебі алдағы уақытта
анықтала жатар. Бірақ ең жауапты тұлға - компания басшысының хабарсыз кетуі -
түрлі жорамалға түрткі.
Мөлдір БАҚЫТ-ҚЫЗЫ