$513 €541.16 ₽4.69
×

Ақтөбеде "Нұр Ақтөбе" шағын ауданындағы пәтерлерді өткен түнде су басты

AstanaTV
11.07.2014ж. 20:00
2112
Ақтөбеде "Нұр Ақтөбе" шағын ауданындағы пәтерлерді өткен түнде су басты

Ақтөбеде мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған баспаналар сыр берді. Жаңадан салынып жатқан "Нұр Ақтөбе" шағын ауданындағы пәтерлерді өткен түнде су басты. Жаңбыр суы төбеден сорғалап, тұрғындарды әуре сарсаңға салды.

Айта кетейік, аталған шағын ауданға тұрғындардың алғашқы легі өткен жылдың желтоқсанында қоныстанған болатын. Алғашқы жаздан-ақ сапасы сыр берген баспананың күйін тілшіміз Мансұр Есқожин бағалады.

Ақтөбелік шенеуніктер Елбасына мақтанышпен көрсеткен "Нұр Ақтөбе" шағын ауданындағы жаңа үйлер жаздың алғашқы жауынына төтеп бере алмады. Жергілікті халық бұл ауданды енді "Венеция" деп атаймыз дейді. Нөсер жақында ғана төселген асфальт жабындысын шайып, жаяу жүргіншілер жолы әр жерден тесіліп қалған. Ең сорақысы - төбеден аққан су сорғалап, 4-қабатқа дейін жеткен.

Пәтерінің астан-кестеңі шыққан Жадыра Оразова таңертеңнен бері етегі жасқа толып жүр. Баспаналы болдым деген қуанышы жарты жыл болмай су сепкендей басылған. Кеше кешкісін басталған нөсер жаңбыр 8-қабат болғанына қарамастан, үйдегі барлық заттарын малмандай қылған. Ай сайын 40 мың теңгеден төлеп отыратын 6 жылдық несиесі былай тұрсын, дүние-мүлкінің басым көпшілігі жарамсыз қалды деп күйінеді.

Жадыра Оразова:

Біз міне кеше есікті ашқанда, бізге көршілер звондады. Біздер өзіміз үйде болған жоқпыз. Кілемдердің бәрі суда қалқып тұр ғой. Кинода қалай болады солай.

Гүлбағдат Күлдиева:

Мен мынадай үй болады деп ойлағаным жоқ, түнде вообще жататын жер болған жоқ, балаларымыздың бәрі далаға кетті. Не знаю, мынау масқара ғой енді. Еңбектеніп алған зат.

Төбеден аққан судан нөмірі 10-шы және 11-үйлердің тұрғындары қатты зардап шеккен. Жертөле де суға толы. Көп қабатты үйдің 2012 жылы іргетасы қаланып, 2013-дің аяғында пайдалануға берілген. Қазір мұндай 6 үйде адамдар тұрып жатыр. Жағдайға қаныққан құрылысқа жауапты мердігер мекеме басшылығы, келісім-шартқа сәйкес жөндеу жұмыстарын жүргізіп береміз дейді.

Арнұр Ақмәди, «Ақтөбе сәулет» ЖШС директоры:

Кепілдік міндеттемеміз бар. Жөндеу жұмыстарын жүргізіп береміз толықтай. Бүгін әрбір пәтерді аралап, шығындарды анықтаймыз. Зардап шеккен әрбір пәтерді ретке келтіреміз.

Алдын ала шолу жүргізген құрылысшылар, үйлердің шатыры шытынамаған, аман дейді. Айтуларынша, суағар кем-кетік. Сондықтан жақын күндері құбырларды алмастыруға уәде берді. Ал шығынға белшеден батқан тұрғындар үшін тек жөндеу жүргізу аздық ететіндігі ақиқат. Бірақ жергілікті билік әзірге қандай да бір қаржылай көмектің болатындығын айта алмай отыр.

Геннадий Дудаков, Ақтөбе қаласы әкімінің кеңесшісі:

Мен, әрине, болған жағдай үшін тұрғындардан кешірім сұраймын. Аз ғана шыдай тұрсаңыздар. Әзірге айтарым осы ғана.

Мемлекеттік бағдарлама бойынша салынып жатқан "Нұр Ақтөбе" болашақта шаһардың ірі ауданына айналуы тиіс. Ауданда құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Бірақ құрылысшылар ғимарат санын есептеп жүріп, сапасын ұмыт қалдырғандай.

Мансұр ЕСҚОЖИН