$510.06 €566.32 ₽6.32
×

Мамыр айынан бері Алматыда нитраты 1,5 есеге артық бау-бақша өнімдері анықталған

AstanaTV
11.07.2014ж. 20:00
1865
Мамыр айынан бері Алматыда нитраты 1,5 есеге артық бау-бақша өнімдері анықталған

Жеке кәсіпкерлікті тексеруге жарияланған мораторий Алматыда бау-бақша өнімдерінің заңсыз саудасымен күреске салқынын тигізіп отыр. Қазір қалада Өзбекстан мен елдің оңтүстік өңірлерінде ерте піскен қауын-қарбыздың саудасы қызып тұр.

Санитарлық нормаларға сай келмейтін өнімдерді көше бойындағы саудасына қарсы күресті жергілікті әкімдік, полиция және СЭС мамандары бірігіп бастады. Құзырлы мекемелер тыйым салынған өнімдерді анықтағанымен, оны тәркілеуге құқығы жоқ. Себебі, ол кәсіпкерлікті қолдау туралы заңнамаға қайшы келеді. Сондықтан, олар бір-біріне хат арқылы қарым-қатынас жасап, ақырында істі сотқа тапсыруға мәжбүр. Бұл уақытта жабайы сауданың нарқы жүріп, адам денсаулығына қауіпті өнімдер сөреден тұтынушыға жол тартып жатыр.

Бүгіннің өзінде мамандар солтүстік айналма жолының бойындағы сауда нүктелерінен нитраты шамадан тыс өнімдерді анықтады. Мамыр айынанан бері Алматыда 1 мың 200 санитарлық-химиялық сынама жасалып, нитраты 1,5 есеге артық өнімдер анықталған. Тұтынушылар құқығын қорғау басқармасы сатып алушыларға сақ болуды ескертті.

Салтанат Бөпежанова, Алатау аудандық Тұтынушылар құқығын қорғау басқармасының бас маманы:


Мынадай жолдың бойында саудаланатын өнімдерге түтіннен, шаңнан қаншама зиянды қалдықтар еніп жатыр. Аспан астында 3 сағаттан артық жатқан өнімді тұтыну өте қауіпті. Оның үстіне мұнда санитарлық тазалықтың мүлдем жоқтығын көріп отырмыз. Осындағы қауындардан нитраты бірнеше есе артық екені анықталды. Норма бойынша 90 болса, мұнда 320-ны көрсетіп тұр. Біздің горячая линияға күніне уланып жатқан қоңыраулар тұтынушылардан түсіп жатыр.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ