$510.06 €566.32 ₽6.32
×

ШОБ мораторий: кедергілер мен мүмкіндіктер

AstanaTV
11.07.2014ж. 20:00
2173
 ШОБ мораторий: кедергілер мен мүмкіндіктер

Мораторий - кәсіпкерге тиімді, тексерушіге - кедергі. Астанада 49 құрылысшының жаппай улану оқиғасы бойынша, кешеуілдетіп, ақыры қылмыстық іс қозғалды. Бүгінде тергеу амалдары жүріп жатыр. Бұл туралы Есіл аудандық прокурорының орынбасары хабарлады.

Еске салсақ, түрік фирмасы жұмыскерлерінің улану фактісі 27 маусымда тіркелді. Айта кетерлігі, тамақпен қамтамасыз ететін шағын және орта бизнес мекемелеріне тексеруші органдар прокуратураның келісімінсіз аттап баса алмайды. Шағын және орта бизнесті тексеруге жарияланған мораторий - қол байлау. Алайда тұтынушылар құқығын қорғау агенттігінің өкілдері кей жағдайларда прокуратураның келісімін күтпей, әрекет етуге хақылы екендіктерін айтады.

Шағын және орта бизнесті тексеруге жарияланған мораторий 2 сәуірден күшіне енді. Содан бері кәсіпкерлер арқаларын кеңге салды. Кейбірі тіпті тым еркінсіп кеткендей. Қоғамдық тамақтану орындарында жаппай улану фактілері жиілей бастады. Мәселен, сәуір ортасында Қостанайда жапон сушиін жеген 13 адам бір мезетте уланып ауруханаға түсті. Алайда тексерушілер шикі балықпен тамақтандыратын дәмханаға бірден бас сұға алмады. Жолды мораторий талаптары кес-кестеді.

Сәуле Байменова, Қостанай облыстық Тұтынушылар құқығын қорғау департаменті басшысының міндетін атқарушы:

Бұл субъектіні тексеру жүргізілген жоқ. Өйткені Елбасының жарлығымен 2 сәуірден бастап шағын және орта бизнесті тексермейміз.

Алайда Тұтынушылар құқығын қорғау агенттігі өкілдері дабылдатып, барлығын тыйымға сілтеудің қажеті жоқ дейді. Айтуларынша, шағын және орта бизнесті тексеруге жарияланған мораторийде ерекше жағдайлар қарастырылған.

Марал Рақымжанова, ҚР Тұтынушылар құқығын қорғау агенттігі санитарлық-гигиеналық қадағалау департаменті директорының орынбасары:

Мораторий бойынша ерекше жағдайлар бар мемлекеттік қауіпсіздікке кедергі және тергеу амалдарына қатысты ерекше тексеру жүргізуге болады.

Яғни, ұлт қауіпсіздігіне, халық денсаулығына қауіп төну фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалса, шағын және орта бизнес объектілері - жарияланған мораторийге қарамастан, бірден тексеріледі. Мәселен, 11 бала уланған Павлодар облысындағы демалыс лагері сол күні тексеріске алынды. Бүгінде аталмыш іс бойынша қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болды. Жаппай улану жағдайы Астанада да тіркелді. EXPO нысандарының бірін салып жатқан түрік компаниясының 49 жұмысшысы тамақтан уланып, 7 адам ауруханадан бір-ақ шықты. Мұнда да тексеріске мораторий кедергі болған жоқ.

Бауыржан Ермегияев, Астана қаласы Есіл ауданы прокурорының орынбасары:

Тексеру барысында жұмысшыларды тағаммен қамтамасыз ету "Универсал кетринг" ЖШС қамтамасыз етілген. Және тағамдар «Бақыт» қонақ үйінің асханасында даярланатыны анықталды. Жұмысшылардың жаппай улану фактісі бойынша "Бақыт" қонақ үйінің асханасы қызметі уақытша тоқтатылды.

Тұтынушылар құқығын қорғау агенттігі өкілдерінің айтуынша, төтенше жағдайда құзырлы органдар прокуратураның рұқсатын күтіп отырмайды.

Марал Рақымжанова, ҚР Тұтынушылар құқығын қорғау агенттігі санитарлық-гигиеналық қадағалау департаменті директорының орынбасары:

Мораторий кедергі келтіріп жатыр өзіміздің функционалды жұмысымызды істеуге дегенді мен айта алмаймын. Улану, инфекциялық қауіпті жағдай болған кезде әрбір объектіні біз тексерміз. Прокуратураның келісімін күтпей, ішкі істер органдарымен бірлесіп, доследственный мероприятияларға қатысып, эксперт ретінде ол уақытында өткізіледі.

Дегенмен, шағын және орта бизнестің тексерісіне жарияланған мораторийді әр құзырлы орган өз деңгейінде түсінетін секілді. Бірі тексеруге осы тыйым кедергі десе, енді бірі шұғыл шара қолдануға хақылымыз деуден танбады. Бір анығы - кәсіпкерлердің тынысы кеңейді. Мораторий мерзімі 2015-тің бірінші қаңтарына дейін сақталады.

Айгүл ӘДЕПБАЙ