$513.74 €569.17 ₽6.33
×

Алматыда Қазақстанның мәдениетін жаңа белеске көтеру мәселесі сала мамандары арасында талқыланды

AstanaTV
11.07.2014ж. 20:00
1509
Алматыда Қазақстанның мәдениетін жаңа белеске көтеру мәселесі сала мамандары арасында талқыланды

Бүгін Алматыда Қазақстанның мәдениетін жаңа белеске көтеру мәселесі сала мамандары арасында талқыланды. Осы мақсатта жаңа тұжырымдама да әзірленген. Құжаттың ерекшелігі сол - онда мәдениет пен туризм салалары қатар қарастырылады.

Жиында елді мекендерге қосымша көрік беру үшін тарихи ескерткіштер, мұражай мен театрларды дамыту жайы сөз болды. Бұл орайда еліміздің көп ұлттылығына айрықша ден қойған жөн деген пікір айтылды. Мамандар мұндай тәжірибе көптеген өзге мемлекеттерде қолданылатынын айтты. Сонымен қатар, телеарналардағы сапасы нашар телехикаялар мен бағдарламалардың санын қысқарту үшін шығармашылық кеңес құру керек деген бастама ұсынылды. Тың құжатта сала мамандарын даярлау ісіне де ерекше көңіл бөлінген. Мәселен, шығармашылыққа баулитын жоғары оқу орындарын Білім министрлігіне емес, Мәдениет министрлігіне тапсыру мәселесі алға тартылды.

Күн тәртібінде патриоттыққа тәрбие жайы да назардан тыс қалмады. Ол үшін кинематография пен анимация өндірісін дамыту қажет деп шешілді. Бұл өз кезегінде жас ұрпаққа туған жердің тарихы, оның ішінде отандық қаһармандарды жатқа білуге сеп болмақ.

Ольга Батурина, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры:

Өз еліңді шын мәнінде мақтан тұту үшін, нақты не үшін мақтан тұту керектігін білу қажет. Өкінішке қарай, қазір жастар басқа мәдениетке тәрбиеленіп жатыр. Мен олар батыс елдеріне еліктеп жатыр деп айтып тұрған жоқпын, басқа форматтағы мәдениетті айтқым келіп тұр. Кейбіреулер еліміздің мәдениетінен мүлдем ада. Өз отанының байлығын білмейді. Бұл мәселені бірінші кезекте шешу керек деп санаймын.

Абзал ҚҰРМАНКИН