Еуразия экономикалық одағы аясында құрылатын ортақ энергетикалық нарық қуат
көзінің тарифтерін теңестіреді. Тиісті тұжырымдаманы әзірлегендер осылай деп
есептейді. Бұл туралы "Коммерсант" басылымы жазуда.
Ортақ энергетикалық
нарықтағы ең ауыр сұрақ дәл осы тариф мәселесіне қатысты болатын. Сарапшылар да
бұл тақырыпта сөз қозғауға тартыншақтайды. Десе де, тұжырымдама авторлары
өздеріне сенімді. Қуат көзінің ортақ болғанынан ұтпасақ, ұтылмаймыз, дейді.
Болжам бойынша, ішкі жалпы өнім 7,2 доллар өсім көреді. Ал шекарааралық
энергетикалық желілер 95 пайызға жүктеледі. Қазір олар тек 20 пайызға
жүктелген. Бұған дейін Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің
өкілдері жалпыұлттық электр энергетикасы нарығының құрылуы тарифке әсер етпейді
деген болатын.
Сұңғат Есімханов, ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі
департамент бастығы:
Қазір Қазақстандағы электр энергиясының тарифі көршілерге қарағанда
төмендеу, Ресейде, Белоруссияда ол қымбат. Біріккенде, біздің бағаны көтермеу
үшін, жұмыс жасалды. Жалпы нарық құрылған кезде бізде ұлттық деңгейде
тарифтерде қалдыру мәселесі шешілді деп айтуға болады.
Бақытжан Жақсалиев, ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрінің
орынбасары:
Бұл Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің экономикасын, тұтынушыларын
тұрақты қуат көзімен қамтуда жасалған үлкен мәселе. Электр энергиясын өндіруші,
таратушы кәсіпорындардың жұмысы жақсара түседі. Сондықтан, тұтынушыларды арзан
бағалы қуат көзімен қамтуға мүмкіндік туады.
Айгүл ӘДЕПБАЙ