$494.95 €525.49 ₽5.05
×

Қонжықты кепілдікке қойып, ақша алған Қостанай тұрғыны іздестіріліп жатыр

AstanaTV
14.07.2014ж. 20:00
1589
Қонжықты кепілдікке қойып, ақша алған Қостанай тұрғыны іздестіріліп жатыр

Қонжықты кепілдікке қойып, ақша алған Қостанай тұрғыны іздестіріліп жатыр. Ол екі жыл бұрын танысынан қарызға ақша алып, орнына аюды қалдырып кеткен көрінеді. Бірақ қайтып оралмаған. Үш жасар кірекей қазір орман ішіндегі демалыс орындарының бірін мекен етуде. 

Апанақ кезінде апанынан ажырап, темір торға тоғытылған жыртқыш аңның тұқымы екі жыл ішінде едәуір іріленіп алған. Қазіргі салмағы - 100 келіге жуық. Қамауда тұрғандықтан болар, қыста ұйқыға кетпепті. "Керісінше, қолға үйреніп келеді", - дейді аюды асыраушылар.

Татьяна Курбанова, демалыс орнының қызметкері:

Қыстың күні етті пісіріп береміз. Шикі ет жемейді. Ботқаларды жақсы жейді. Ал жазда көбінесе көкөніспен қоректенеді. Әбден қолға үйреніп қалды.

Темір торға қамалған қоңыр қонжық адамды жатырқамайды. Керісінше, кішіпейілділік танытып, ұсынған тәтті тоқаш пен қантыңды асап жібереді.

Аю бұл маңайға әбден бауыр басып қалды. Мұндағылар оған «Катя» деп ат қойыпты. Демалушылар да жыртқыш аңды көргенде аң-таң болады. Әсіресе балаларға өте қызық. Сондықтан одан құтылуға асықпайды. Алайда облыстық орман және аң шаруашылығының аумақтық инспекция өкілдері қайткенмен хайуанның иесін табуымыз керек дейді.

Петр Васильчишен, Қостанай облыстық орман және аң аулау шаруашылығы инспекциясы бастығының орынбасары:

Аюды заңсыз ұстау әрекетіне жол бермеу үшін, қолдан келгенді жасап жатырмыз. Бұрынғы қожайынын іздестірудеміз. Өйткені оның қолында осы аңның құжаттары болуға тиіс.

"Егер ұрғашы аюдың құжаттары реттелсе, хайуанаттар бағына немесе циркке жөнелтуді қарастырамыз", - дейді инспекция өкілдері. Өйткені Катя қонжық кезінде әуесқой циркте өнер көрсетіп, кішкентай балғындардың көңілін аулаған көрінеді.

Заңғар САНАЙ