Қарағандыда алаяқтық жасады
деген күдікпен «Жинақ банкінің» 7 қызметкері ұсталды. Облыстық ішкі істер
департаментінің басқарма қызметкерлерінің хабарлауынша, банк менеджерлері
қарызды қайтаруға қауқарсыз азаматтарға жалған несие рәсімдеп, пайда тауып
келген.
Бақытжан Құдияров, Қарағанды
облыстық ІІД мемлекеттік тіл және ақпарат басқармасының басшысы:
Бүгінгі таңда олардың үшеуі
тергеу изоляторына қамалды. Аталған факт бойынша ҚР ҚК 190 бабы, яғни алаяқтық
фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп, тексеру амалдары жүргізілуде. Бұл істің
ұзақ болуына байланысты сотқа дейінгі тергеп, тексерудің қашан аяқталатынын айта
алмаймыз.
Бақытжан Құдияровтың айтуынша,
қылмыстық топ құқықтық сауаты төмен азаматтар арқылы мол пайдаға кенелген.
Адамдарды қарыздың қайтарылмайтынына сендіріп, банктен 500 мыңнан 1 млн теңгеге
дейін несие алып беріп отырған. Ол үшін тұтынушыларды басқа банктерде несиесі
жоқ, зейнетақы қоры бар деп көрсетіп, табыс көзі туралы құжаттарын бұрмалаған.
Осылайша 2013-2014 жылдар аралығында рәсімделген жалған несиелерді өзара
бөліскен. Мұндай ұсынысқа 80-ге жуық адамның өз еркімен келіскені анықталыпты.
Олардан әзірге куәгерлер ретінде ғана жауап алынып жатыр, - деді басқарма
басшысы. Бұл оқиға «Жинақ банкіндегі» жалған несие рәсімдеу ішкі ревизия
кезінде әшкереленген.
Айжан ҚУАШ