Білім және ғылым министрінің бұрынғы орынбасары Саят Шаяхметов "сүттен
ақ, судан тазамын" дейді. Экс-шенеунік өзіне тағылған айыптарды тыңдаған
соң, кінәсін мойындамайтын айтты. Сот залында тағы үш айыпталушы бар. Олар да
өздерін кінәлі сезінбейді.
Айта кетейік, өзге айыпталушылардың қорғаушылары сот
процесінің жабық түрде өтуін сұраған. Тек Саят Шаяхметовтің адвокаты Нұрлан
Бейсекеевтің сұрауымен журналистер сот залынан шығарылған жоқ. Шаяхметов бұған
дейін істі жүргізуге тағайындалған судьяның төрелігінен бас тартты. Сөйтіп
алғашқы процесті жаңа судья Бақытбек Сыздықов қолына алды. Айгүл Әдепбай
тарқатады.
Никаких с моей стороны не будет ходатайств, чтобы закрыть это дело от
прессы.
Бұдан артық ештеңе айтпаймын десе де, сотқа өз аяғымен келген Саят
Шаяхметов журналистерге қарсылығы жоғын тағы қайталады. Оған қатысты қылмыстық
іс өткен жылдың 29 сәуірінде қозғалған. Ал мамырдың 14-де үй қамаққа алынды.
Экс-шенеунікке Өскемен қаласындағы білім беру мекемесінің құрылысына бөлінген
бюджет қаржысының 1 миллиардтан астамын иемденіп, ысырап қылды деген айыптар
тағылды. Алайда ол мұнымен келіспеді.
Шаяхметовтің сыбайластары деп танылған үш адам да сотқа тартылды. Олар «Министрліктің салынып
жатқан нысандары дирекциясының» бұрынғы бас директоры Александр Пак пен
мердігер «ЗАК сервис» серіктестігінің бұрынғы басшысы Роман Киреев және қазіргі
директоры Алексей Тутубалин. Өз кінәларын олар да мойындаған жоқ. Ал
"Шаяхметовтің сыртқа аттап баса алмай отырғанына бір жылдан асты"
деген қорғаушысы оған күндіз үйінен шығуға рұқсат беруді сұрады.
Нұрлан Бейсекеев, айыпталушы С.Шаяхметовтің қорғаушысы:
Органичения устоновите нового порядка. С запретом покидать место жительства
с 20 часов вечера до 8 утра следующего дня. Чтобы в вечернее и ночное время Шаяхметов находился на месте.
Алайда сот бұл өтінішті қанағаттандырмады. Тағы бір маңызды жайт,
қорғаушылар "бюджет қаржысын жымқыру фактісі болған жоқ. Мемлекетке шығын
келтірілген жоқ" деп қадап айтты. Бұл сөздеріне айғақ та бар.
Наталья Гутарова, айыпталушы Р.Киреевтің қорғаушысы:
Нысан құрылысының жалпы
құны 3 млрд 350 млн теңге. Ал Білім және ғылым министрілігі «Зак сервис»
серіктестігіне 2 млрд 900 млн теңге ғана аударды. Яғни шығын келтірілген жоқ.
Сөзіміздің дәлелі бар.
Осы дауға арқау болған Өскемендегі білім беру мекемесінің құрылысы әлі
аяқталмаған. Құрылыстың қай деңгейде екенінен сотқа жәбір көруші тарап ретінде
қатысқан Білім және ғылым министрілігінің өкілі хабарсыз болып шықты. Мердігер
компания басшысының қорғаушысы министрлік нысанды қабылдамай, салғырттық
танытып отыр дейді. Келесі сот процесі 23 шілдеге белгіленді. Ал сот залынан
шыққан Саят Шаяхметов қымбат көлікке мініп кеткен жоқ. Камераларға көз қылды
ма, экс-шенеунік қарапайым тұрғын секілді таксиге отырды.
Айгүл ӘДЕПБАЙ