$532.74 €617.23 ₽6.77
×

Қызылжарда жас жігіт басына қадалған пышақтан кейін тірі қалды

AstanaTV
08.12.2015ж. 20:00
1334
Қызылжарда жас жігіт басына қадалған пышақтан кейін тірі қалды

Қызылжарда оқыс оқиға. Риэлторлық компанияға келген қала тұрғыны агенттік қызметкерімен әңгімелесіп тұрып, табан астынан оның басына пышақ сұққан. Риэлторға жасалған қастандық бейнебақылау камерасына түсіп қалған.

Зардап шеккен азамат, басына пышақ қадалғанын, қолмен ұстап көргеннен кейін ғана білгенін айтады. Кейін дереу күзетшілерді шақыртқан. Дәрігерлердің дер кезінде көрсеткен көмегінің арқасында, ол аман қалды. Ақ халаттылар жағдайы қалыпты деп бағалап отыр. Ал суық қаруды қолданған бұзақы оның ауылдасы болып шықты. Айтуынша, таныс жігіт риэлторлық компанияның ішінде өз досын күтіп тұрған. Кейін үндемей пышақ салып, ізін суытқан. Көп ұзамай ол полицейлердің қолына түсіпті.

Жақсылық Оразымбетов, зардап шегуші:

Арамызда келіспеушіліктер болған жоқ. Неге бұлай жасағанын білмедім. Ол полицейлерге қыз үшін таластық деп айтқан. Бірақ бұзақы айтып тұрған қыздың оған еш қатысы жоқ. Бұған сену қиын. Қазір жағдайым жақсы. Дәрігерлер әрдайым келіп, қалымды сұрап отырады.

Бақтияр Қонқабаев, СҚО аурухананың нейрохирургия бөлімінің дәрігері:

Пышақ бас сүйегін тесіп шыққан. Бірақ бас миына тиген жоқ. Келген кезде жағдайы ауыр болды. Кейін арнайы тексерістер өткізіп, көмек көрсеттік. Қазір жағдайы қалыпты.

Облыстық ІІД баспасөз қызметінің дерегінше, бұзақылық жасаған 19 жастағы жігіт уақытша ұстау абақтасына қамалды. Полицейлер Қылмыстық кодекстің 106-шы бабы, яғни «денсаулыққа қасақана зиян келтіру» бойынша, іс қозғап, тергеу жұмыстарын бастап кеткен. Оның қасақана жасағаны расталса, 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін.

Абзал ҚҰРМАНКИН